Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Израиль Газа секторына жіберілген гуманитарлық көмектің 41%-ын кіргізбеген – БҰҰ

Израиль бірнеше бақылау-өткізу бекеттерін ашқаннан кейін Газа секторына келетін гуманитарлық көмек көлемі айтарлықтай артты. Дегенмен палестиналықтар әлі де азық-түлікке зәру. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Dailysabah

Біріккен Ұлттар Ұйымы гуманитарлық көмектің анклав аумағына жетуіне кедергілер жасалғанын мәлімдеді. Сәуірдің басында Израиль АҚШ-тың қысымымен гуманитарлық көмекті өткізу үшін Газа секторының солтүстігінде бақылау-өткізу пунктін ашты. Бірақ бір апта ішінде жіберілуі тиіс көмекің 40% -дан астамын өткізбеген. Сонымен қатар азық-түлік колонналарына әлі де қауіп төнген.

“Тікелей солтүстікке өтетін өткелді ашу – маңызды талаптарымыздың бірі еді. Өткен аптада ғана ЮНИСЕФ, дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы және ЮНФПА қызметкерлері мінген БҰҰ колоннасын да атқылады. Бұл бақылау-өткізу пунктіне өте жақын болғандықтан, қауіпсіз болуы керек еді”, – деді БҰҰ-ның Палестина территориясындағы гуманитарлық істерді үйлестіру басқармасының басшысы Андреа Де Доменико.



АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі USAID агенттігінің хабарлауынша, бұл анклавтың солтүстігінде ашаршылық орын алған. 300 мыңға жуық адам аштыққа ұшырады. БҰҰ сарапшылары апат Газа секторының қалған бөлігіне таралуы мүмкін деп болжайды. Сондай-ақ олар жақындап келе жатқан аптап ыстық аурудың таралуына және санитарлық жағдайдың нашарлауына себеп болады деген қауіпті болжады.

“Аштық мәселесі әлдеқайда күрделі. Ол азаматтық инфрақұрылымды, денсаулықты, сумен жабдықтау және канализацияның жойылуына байланысты. Бірнеше аптадан кейін күн ыстықтайды. Ауруға қатысты не болатынын елестету қиын. Ол жерге жай ғана азық-түлік әкелу жеткіліксіз. Су, санитария және денсаулық – аштықпен күресудің негізі”, – деп мәлімдеді Андреа Де Доменико.

Палестина-Израиль қақтығысының соңғы шиеленісуі басталғалы екі жақтан 34 мыңнан астам адам қаза тапты. 80 мыңға жуық палестиналық медициналық көмекке мұқтаж. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бұл анклавта ауруханалардың үштен бірі ғана жұмыс істейді. 

Талқылау