"Изоляторда 1 апта аштық жариялаған": Жемқорлыққа итермелегені үшін сотталған астаналықтың әйелі тергеудің әділ өтпегеніне наразы
Жемқорлыққа итермеледі және алаяқтық жасады деп сотталған астаналық тұрғын шешімге келіспей, изоляторда аштық жариялады. Оның әйелі Гүлжазира Демисинова іс әділ жүрмеді деп редакциямызға шағымын айтты. Сотталушының жұбайы тергеудің қайта жүргенін қалайды.
Видеодан скриншот
Тобыл Демисинов алаяқтық және пара беруге итермелеу баптары бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға сотталған. Алайда сотталушы тергеу қорытындысымен және үкіммен келіспей, аштық жариялапты. Әйелінің айтуынша, Демисиновтің тамақтанудан бас тартқанына 1 аптадан асты.
Мәлімдеулерінше, Ж есімді кәсіпкер аса ірі көлемде ұрлық жасады деп күдікке ілінген. Осы кезде Демисиновтың Б есімді танысы одан кәсіпкерге адвокат тауып беруді өтінген. Ол бір адвокатты ұсынып, екеуін таныстырған. Кейін адвокат кәсіпкерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдеріне пара беруді ұсынған. Кәсіпкер 350 мың долларды (155,5 миллион теңге) Б деген танысына берген, Б 245 мың долларды (109 миллион теңге) Демисиновке берген, ал Демисинов оны адвокатқа берген. Алайда адвокат Демисинов ақшаны бермеді дейді.
Демисинов оған тағылған айыптардың бірі – “Пара беруге итермелеу” бабымен келіспейді. Айтуынша, ол ешкімді итермелеген жоқ, тек ортада делдал болды, яғни іс Қылмыстық кодекстің 368-бабы “Пара беру кезіндегі делдалдық” бойынша тергелуге тиіс еді дейді.
Әйел күйеуінің пара берушіні, яғни кәсіпкерді тек екі рет көргенін айтады. Олар тек адвокат табу мәселесін талқылау үшін кездескен дейді.
“Қыркүйекте күйеуімді тергеу изоляторына алып кетті. Тергеу өте біржақты, айыптау тарапы бойынша жүрді. Оның үстіне адвокат пен тергеушінің байланысы бар, бір-бірін таниды. Сол себепті прокуратураға тергеушіні ауыстыруды талап еттік. Негізі “пара беруге итермелеу” бабы адвокаттың үстінен қозғалуға тиіс”, – деді Демисинова.
Мәлімдеуінше, іске қатыстылар көп болса да, бәрін Демисиновке жауып жіберіп отыр.
Әйелдің шағымынан кейін Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оқиғаға түсініктеме берді.
“Б деген танысы және Демисиновке қатысты алаяқтық және лауазымды тұлғаларға пара беруге итермелеу фактісі бойынша, сонымен қатар кәсіпкерге пара беруге оқталу бойынша істі қарады. Демисинов танысымен кәсіпкерден 350 мың доллар алған. 2023 жылы маусымда олар қаражатты өздерінің қажетіне жұмсаған. Демисинов 245 мың долларды адвокатқа бермеген. Демисинов танысымен кәсіпкерден тағы бір мәрте 50 мың доллар алған кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлеріне ұсталған”, – деп мәлімдеді Астана қылмыстық сотының баспасөз қызметі.
Демисинов өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ 40 мың доллар (17,7 миллион теңге) көлеміндегі қаржы мемлекет есебіне өндірілді.
Демисинов аппеляциялық сотқа жүгінуге ниетті. Олар тергеу барысын қайта жүргізуді сұратамыз дейді.
Еске салсақ, бұған дейін жемқорлық бойынша сотқа тартылған астаналықтың изоляторда аштық жариялағаны айтылды.