"Ит сияқты қоқысқа лақтырып кеткен": Алматы облысында үш жасар қызды қағып кеткен қаскөйді таба алмай жатыр

Алматы облысы Қорам ауылында үш жасар қыздың өліміне себеп болған күдікті 10 айдан бері табылмай жатыр. Кішкентай Мөлдірдің ажалы жол апатынан болғанын сараптама қорытындысы көрсеткен. Бүлдіршінді көлікпен қаққан қаскөй оны қансыраған күйі қараусыз ғимаратқа тастап кетіпті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Ал тұрғындар жабылып іздеп тапқан кезде кеш еді. Қара жамылған ата-ана содан бері істің созбалаңға салынғанына наразы.

Қайғылы оқиға былтыр 1 мамырда болған. Үш жасар Мөлдір кешкі астан соң далаға ойнауға шығыпты. Ал жарты сағаттан кейін ата-ана баланың жоғын байқайды. Бүкіл Қорам батыр ауылы дүрлігіп, қызды іздеуге кіріскен. Бүлдіршін алты сағаттан кейін табылады.

Кішкентай қызды бос ғимараттың ішінен түнгі сағат бір жарым шамасында тапқан. Оны осында іздеп келген ауыл тұрғындары байқапты. Олардың айтуынша, Мөлдір жердегі тастардың үстінде қансыраған күйі ес-түссіз жатқан. Тұрғындар қызды дереу ауруханаға жеткізген. Ол бірден жансақтау бөліміне түседі. Ал екі күннен кейін ата-анасының қолына баланың адам көргісіз күйдегі мәйітін беріпті.

"Ана баланы көрсеңіз, сіз қарай алмайсыз. Сұмдық, миына дейін шығарып жіберген. Қабырғаларын ... танып болмайтын дәрежеде. Өз қызымды өзім танымай қалдым.  Ит сияқты қоқысқа лақтырып кетті, қызымды, көрдіңіз бе?!", - деді марқұмның анасы Перизат Өтелбаева.



Мөлдірдің өліміне жол апаты себеп болғанын сараптама көрсеткен. Қара жамылғандар қызды үйдің қасындағы көшеде әлдекім көлігімен таптап, артынша оны өзімен алып кеткен деп болжайды. Өйткені бастапқыда ол ғимаратта қыз болмаған. Тек ауыл әкімі үйлерді тінту туралы бұйрық бергенде, күдікті бүлдіршінді дереу сонда апарып тастаған болса керек.

"Үй-үйді тексерейік, үй-үйді тінтейік деген кезде, сол кезде барып табылып отыр ғой. 5-10 минуттың аралығында", - деді марқұмның әкесі Қуан Ырыздық.

Ал баланың өліміне себеп болған адам әлі күнге дейін бостандықта тайраңдап жүр.

Перизат Өтелбаева, марқұмның анасы: 

"Көліктен өлген деп шығарды. Міне, осы уақытқа дейін қақпаған есігім қалмады. Бәріне бардым. Тергеушіден тергеуші ауыса береді. Не сонда, баланың өлімі ойын ба?! Бұлар ай сайын, міне, осыған дейін 7-8 тергеуші ауысты. Қызылтудағы Медет Аязбаев: "Біз күдікті табылмағаннан кейін істі жабамыз" деді.

Қайғыдан қан жұтқан ата-ана іс жылы жабылып қала ма деп күдіктенеді. Ал полицейлер қаскөйді "іздеп жатырмыз" деп сендіріп отыр.

"Кінәлі тұлғаларды анықтау бойынша жедел тергеу шаралары жүргізілуде. Кешенді медициналық криминалистік сараптамалар тағайындалды. Оның қорытындысы дайын болғанда, іс бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданады", - деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.

Қапыда перзентінен айырылғандар кінәлі тиісті жазасын алғанын қалайды. Өйткені мұндай жағдайдың тағы қайталануынан қорқады.

Еске салайық, жақында ғана осы Қорам ауылында жантүршігерлік жағдай болды. Мас жүргізуші бір топ оқушы қызды қағып кетті. 

8-9 жастағы жеткіншектерге жедел алғашқы медициналық көмек көрсетіліп ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер қазір қыздардың екеуі жасанды желдендіру аппаратына қосылғанын айтады. Ал біреуінің денсаулығы тұрақты болғандықтан, облыстық көпсалалы аймақтық балалар ауруханасына ауыстырылыпты.

Айта кетсек, бұл жағдайды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз бақылауына алатынын мәлімдеді.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр