Ыстамбұлда жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін
Сейсмологтар Мәрмәр теңізінде магнитудасы жетіден жоғары жер сілкінісі болуы мүмкін деп болжап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі РИА Новостиге сілтеме жасап хабарлайды.
Ыстамбұл мен Түркияның тағы бірнеше өңірі катаклизмнен үлкен зардап шегуі мүмкін дейді олар.
Ыстамбұл қалалық әкімшілігінің жер сілкіністері жөніндегі ғалымдар кеңесінің мүшесі Нажи Гөрюрдің айтуынша, жаңа болжам аймақтағы екі мың жылдық сейсмикалық белсенділік тарихын зерттеу және геофизикалық мәліметтерді талдау негізінде жасалған. Ол Солтүстік Анадолы жырасының бір тармағы Стамбул жағалауында теңізге өтетінін атап өтті.
Сейсмология профессоры, Ыстамбұл кеңесінің тағы бір мүшесі Халук Эйидоған 2030 жылға дейін Мәрмәр теңізінде апаттың болу ықтималдығы 50 пайызды құрайтынын айтты.
Мамандар олардың мақсаты халықты үркіту емес, билікке алдын ала шара қолдану үшін ескерту екенін баса айтады.
Ғалымдар Стамбул қалалық әкімдігіне оқиғалардың дамуы, тәуекелдер мен қауіптерді бағалаудың әртүрлі сценарийлерін ұсынды. Есептеулер бойынша, 7,5 балдық жер сілкінісі кезінде мегаполисте 90 мыңға жуық ғимарат қирауы мүмкін. Билік зардап шеккендерді орналастыру үшін сейсмикалық аз аймақтарда резервтік қалалар салуды жоспарлап отыр. Алайда апат 25 миллион адам тұратын Түркияның жеті провинциясына бірден әсер етеді. Оның салдары өте ауыр болады деп ескертеді мамандар.
"Стамбул қалалық әкімдігіне жіберілген құжат цунамиді ескереді", - деді Эйидоған.
Оның айтуынша, бұл жағдай бойынша эвакуациялау жоспарлары мегаполис көшелерінде ілінген. Барлық 39 ауданды су басу қаупі пысықталды. Биіктігі төрт-сегіз метр болатын толқын жағалаудан бір жарым шақырымға, ең алдымен, ойпатты жерлерге, мысалы, қаланың батысындағы Күчүкчекмеже аймағына қарай қозғалу қабілеті жоғары. Еуропа жағындағы Йеникапы, Атакөй және Буюкчекмеже көп зардап шегуі мүмкін.