"Ісі мен сөзі бір жерден шықпаса, ол – жалған": Дина Төлепберген әріптесі Асхат Садырбайға қатысты пікір білдірді
Дина Төлепберген бұрынғы әйелін ұрып-соқты деп басы дауға қалған әріптесі Асхат Садырбайға қатысты ойын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж: Stan.kz
Тележурналист "Асхат Садырбайды неге "Астарлы ақиқаттан" алып тастамайсыз" деген сұраққа жауап берді.
“2024 жылдың қаңтарында мен жүргізушілікті тоқтаттым. Менің орныма Бердімұрат Хасен келді. Оны өзім ұсындым. Мамырға дейін бағдарламаның өндірісіне менің компаниям жауап берді. Маусымда бүкіл командаммен жобадан кеттік. Түсінікті болу үшін "Астарлы ақиқатты" көлікке теңесем, мен оны айдадым, жөндедім, жолға шығардым. Бірақ бір күні кілтті иесіне тапсырдым. Одан кейін ол көлікті кім жүргізетінін мен шешпеймін. Мен өз бағытыммен жүрмін”, – деді журналист.
Сондай-ақ тележүргізуші әріптесінің іс-әрекетін қатаң түрде сынады.
“Мен адамды оның жеке өмірінен бөліп қарай алмайды екенмін. Себебі адам – тұтас. Ісі мен сөзі бір жерден шықпаса, ол – жалған. Жұмыс пен өмір екі бөлек болса, ол – алдау", – деп жазды Дина Төлепберген.
Еске салайық, "Ерке ұлын бір жыл көрсетпей қойды" деп Асхат Садырбайдың екінші әйелі тың деректі бөліскен еді.