"Іс сотқа дейін жетті": Айқын Төлепберген "Отыздан асып барамын" әнінің авторымен дауласты
Танымал әнші Айқын Төлепберген репертуарындағы дауға айналған “Отыздан асып барамын” әнінің авторымен сөзге келіп қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Айнаline” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әннің жарық көргеніне 30 жыл толған. Бағдарламаға ән авторы мен орындаушы онлайн қатысты.
“Отыздан асып барамын" әнін 1993 жылы өзімнің 40 жасыма жазғанмын. Қазір 70-темін. Мұны ауылда отырыстарда "қырықтан асып барамын" деп айтып жүрдім. Кейін әншілер сұрағаннан кейін Мұқағалидің сөзіне жазылған әнге айтып жүрдім. Көп жерде менің әнім екенін біледі. Бүкіл түркістандықтарға танымал ән. Ал Айқын Төлепберген орындаған кезде менің аты-жөнімді айтпайды. Оған хабарласқанымда "бұл ән сіздікі емес, Тұрсынғазы Рахимовтан алдым" дейді. Адам ішінен шыққан туындысын ешкімге бермейді ғой", – дейді сазгер.
Ал өнер иесі сазгердің сөзімен келіспейтінін айтты.
“Маған хабарласып, “Отыздан асып барамын" әнінің авторымын деді. Баласы хабарласып, ақша сұрады. Содан кейін мен авторлық қоғамға сұраныс жібергенде әннің авторы басқа адам деп жазылған. Кейін ағайға хабарласып, мұны айттым. Мені сотқа берді, бірақ мен жеңіп шықтым. Сөйтіп, мәселе жабылды", – дейді әнші.
Бірақ Тұрсынғазы Рахимовтың әйелі сазгердің сөзімен келісіп, оны шындыққа балады.