Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Іс енді қабылданған": Қаржы мониторингі агенттігі Нұрлан Нығматулиннің ұлына қатысты арызды қарап жатыр

Алматы қалалық Экономикалық тергеу департаменті корпоративтік рейдерлік факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Бәйтерек холдинг

Сәуір айының басында әлеуметтік желілерде "Бәйтерек" холдингі мен "ҚазМұнайГаз-Аэро" ЖШС-нің бұрынғы директоры Нұржан Нұрлановқа қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тарады.

Ішкі істер министрлігі іс Қылмыстық кодекстің 389-бабы (Өзінше билік ету) бойынша тергеліп жатқанын хабарлады. Бірақ іске қатысы барлардың аты-жөні жарияланбады.



Кейін Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев парламент мәжілісінің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлына қатысты арыздар түскенін хабарлады. Сондай-ақ істің қаралып жатқанын жеткізді. Бір күн бұрын істің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне тапсырылғаны белгілі болды.

“Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті бұрын Алматы полиция департаментінде тіркелген рейдерлік факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр”, – делінген Қаржы мониторингі агенттігінің хабарламасында. 

Қазір бұл іске қатысты күдіктілер мен басқа да тұлғалардың ресми түрде анықталмағаны көрсетілген. Іс бір күн бұрын, 15 сәуірде қарауға қабылданған.

Еске салайық, бұған дейін отандық кәсіпкер Қанат Әміркин Нұрлан Нығматулиннің үлкен ұлы Нұржан Нұрланов өзінен "Алатаудорстрой" компаниясын тартып алып, одан үлкен сомада ақша талап еткенін айтқан еді. Сөйтіп Нұржан Нұрлановтың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Дегенмен кейіннен оның рейдерлікке қатысы бар күдікті ретінде танылмағаны айтылды. 

Талқылау