Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

iPhone иелері Telegram қосымшасындағы ақауларға жаппай шағымдануда

Телефон экраны
Фото: gettyimages.com

Қазақстандағы iPhone қолданушылары Telegram қосымшасындағы хабарландыруларға қатысты ақауларға жаппай шағымдануда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желідегі жазбаларға сүйенсек, Telegram-дағы push-хабарламалар қолданушы қосымшаны өзі ашқанға дейін келмейтін болған. Жазбалардан ақаудың негізінен Apple құрылғыларына әсер еткенін байқауға болады.

Көптеген қолданушылар хабарландырулардың баптаулар өзгермесе де аяқ астынан жоғалып кеткенін атап өтті.

"Баптауларды өзгерткен жоқпын, дыбыссыз режим де қосулы емес", "Бұл мәселені біреу шешіп көрді ме?", "Менде де осындай проблема бар", "Жұмыста отырмын, енді тіпті қиын болды. Менде де дәл осындай жағдай. Барлық жерін қарап шықтым", – деп жазды желі қолданушылары.

Кейбір қолданушылар хабарламалардың интернетке қосылу түріне байланысты әртүрлі жұмыс істейтінін байқаған. Пайдаланушылардың бірі Wi-Fi арқылы push-хабарламалар келгенін, ал мобильді интернетте келмегенін айтты. Ал басқа қолданушыларда, керісінше, Wi-Fi қосулы болса да хабарламалар мүлде келмейтінін жеткізген.

"Достар, Telegram хабарландыру жіберуді тоқтатты. Қолымнан келгеннің бәрін жасап көрдім: қосымшаны қайта орнатудан бастап iOS-ты жаңартуға дейін. Ештеңе көмектеспейді, ал менің бүкіл жұмысым сонда. Көмектесіңіздер!" — деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.

Тағы бір қолданушы хабарламалар келмегендіктен, жұмыс чаттарындағы жаңа хабарларды күні бойы көрмей қалғанын айтты.

Шағымдардың басым бөлігі iPhone құрылғыларына қатысты. Ал Android қолданушылары Telegram-ның өздерінде қалыпты жұмыс істеп тұрғанын айтады.

Көптеген қолданушылар мәселені өздері шешуге тырысқан. Желі қолданушылары Telegram-ды қайта орнатып көргенін, телефонды қайта қосқанын, iOS жүйесін жаңартқанын, хабарламалар баптауларын тексергенін, тіпті құрылғы параметрлерін толық қалпына келтіргенін бөлісті. Дегенмен, әзірге әмбебап шешім табылған жоқ.

Сонымен қатар, кейбір пайдаланушылар мәселенің бірнеше күннен кейін өздігінен жойылғанын хабарлаған.

"2 күннен кейін өзі жұмыс істеп кетті", – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.

Басқалары хабарландырулардың басқа құрылғыдан аккаунтқа қайта кіргеннен кейін немесе App Store арқылы қосымшаны жаңартқан соң қайта жұмыс істей бастағанын атап өтті.

Жаппай шағымдар көбейген соң, пайдаланушылар мәселені уақытша айналып өтудің түрлі тәсілдерін бөлісе бастады. Ең жиі айтылған кеңестердің бірі – iPhone-да Safari арқылы Telegram Web нұсқасын қолдану және оны басты экранға қосып қою.

Енді біреулер Telegram-ды бірнеше минут сайын қолмен тексеруге мәжбүр екендерін айтқан.

Telegram компаниясы қосымшадағы ақауға байланысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін де Қазақстан және әлем тұрғындары Telegram-да ақау пайда болғанын айтып, шағымданған еді.

Stan.kz
Дүйсенбі, 04 Мамыр, 2026 20:48