Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Интернетте Головкин мен Роналдудың бірлескен жаттығуының видеосы пайда болды

Интернетте DAZN стримингтік сервисінің "Параллель әлемдер" деректі фильмінің трейлері пайда болды. Оның басты кейіпкерлері - орта салмақтағы бокстан әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин мен "Ювентус" пен Потругалия құрамасының футболшысы Криштиану Роналду.

DAZN-нің жаңа жобасы әртүрлі саладағы әлемдік спорт аңыздарын біріктіреді, олардың ортақ қасиеттерін анықтайды. Бірінші эпизодтың кейіпкерлері - Головкин мен Роналду, олар бір-бірінің жаттығу әдістерін зерттейді.

Трейлерде спортшылардың бірлескен жаттығулары мен әңгімелері, сондай-ақ олардың қалыптасуының кейбір кезеңдері көрсетілген.

"Сіз боксшы бола аламын деп ойлайсыз ба?", - деп сұрады Головкин.

"Мен олай ойламаймын", - деп жауап берді Роналду.

"Сен өскен жағдайлар сенің мінезіңе, жеке басыңа әсер етеді. Біз бай емес, қарапайым адамдар болып тудық. Сондықтан өмірің үшін күресуге тура келеді", - деді футболшы.

Өз кезегінде GGG сұхбаттасушысына бокстың кейбір негіздерін үйретті: "Сіз өзіңіздің тепе-теңдігіңізді, уақытты, қашықтықты сезінуіңіз керек".

Сонымен қатар, спортшылар адами қасиеттер туралы әңгімелесті:

"Менің ойымша, эмоционалды адам болу жақсы нәрсе. Ер адамдар жыламайды деп кім айтты? Мен үшін жақсы адам болу маңызды", - деп бөлісті "Ювентус" ойыншысы.

"Егер сен өмірде керемет адам болып қалсаң - бұл ең жақсы нәрсе", - деп жалғастырды GGG.

Спортшылар DAZN-мен бірлескен жобаның басталғаны туралы 2019 жылдың желтоқсанында хабарлады. Содан кейін Головкин мен Роналду естелік сыйлықтармен алмасты, бірақ жобаның егжей-тегжейлері жария етілмеді. 

Еске сала кетейік, Головкин - Шереметтің жекпе-жегі 19 желтоқсан күні таңертең өтеді. Бәйгеге қазақстандық боксшының белбеулері тігіледі. GGG бұл титулды 21-ші рет қорғайды.

Талқылау