Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өмірді жеңілдететін смартфон: HUAWEI Pura 70-ті не үшін сатып алу қажет?

HUAWEI Pura 70 — Huawei компаниясы смартфондарының сериясына кіретін жаңа модель. Бұл құрылғы несімен ерекше? Смартфон қай функциясымен қолданушыларды қызықтыра алады? Stan.kz агенттігі HUAWEI Pura 70 телефонын сынап көріп, оның артықшылықтарын шолып шықты.


Фото: Stan.kz

Сырт көрінісі 

Ең әуелі HUAWEI Pura 70 смартфонының ерекше түсі көзге түседі. Huawei компаниясы жаңа өнімін күлгін етіп шығарған. Осылай, олар өмір ақ пен қарадан ғана тұрмайды деп санайтындарға, ашық түстерді ұнататындарға таңдау берді. Компанияның бұл шешімін батыл қадам деуге болады және барлық қолданушысының талғамын ескеретінін көрсетеді. Күлгін смартфон нәзік көрінгенімен, өте берік. Классикалық түстерді құп көретіндерге ұялы телефонның ақ және қарасы бар. Смартфонның қара түсі талғампаз іскер адамдарға жарасса, ақ түсі минимализмді ұнататындарға ыңғайлы болуы мүмкін. Ал күлгін нұсқасы –  көпшілік арасында ерекшеленгісі келетіндер үшін таптырмас құрылғы. 

Фото: Stan.kz

Huawei өнімінің әр деталіне аса мән берген. Мәселен, HUAWEI Pura 70-ті кез келген адамға, тіпті қолы кіп-кішкентай балаға ұстап жүру ыңғайлы. Себебі, біріншіден, телефонның қыры тегіс етіп жасалған. Екіншіден, телефонның өзі жұқа. Қалыңдығы - небәрі 7,95 миллиметр.  Биіктігі – 157,6 милимметр, ені – 74,3 милимметр. Салмағы – 207 грамм. Мұндай телефонды кішкентай қалтаға не сөмкеге салып қоюға да болады. Құрылғыны күні бойы ұстап жүрсеңіз де, қолыңыз талып кетпейді. 

Фото: Stan.kz

Операциялық жүйесі мен жады

HUAWEI Pura 70 EMUI 14.2 операциялық жүйесі бойынша істейді. Жедел жады – 12 ГБ, ал ішкі жады – 256 ГБ. Дегенмен смартфонға алдын ала қосымшалар орнатылған, сол себепті жадының жартысы бос емес. Десе де қалған жады көп сурет пен видео, құжаттар сақтауға, қосымшалар жүктеуге мүмкіндік береді.  256 ГБ қазіргі смартфондарда бар ең көп жады болып саналады. Сол себепті бұл HUAWEI Pura 70-ті таңдауға тағы бір себеп. 

Фото: Stan.kz

Экраны 
HUAWEI Pura 70 смартфонының тағы бір артықшылығы - үлкен экраны. Экраны - 6,6 дюйм және дисплейі оның 89.8%-ын алып отыр. Телефон кез келген бейнені, жоғары сападағы фильмді анық әрі қанық етіп көрсетеді. Смартфонның әр түсті өзгертпей, қараны қара етіп, ақты ақ етіп көрсететіні ұнады. Құрылғының дисплейінің жарығы – 2500 нит. Бұл оны күн сәулесі шағылысып тұрған жерде де, жағажай немесе саябақта да емін-еркін қолдана аласыз, ондағы ақпаратты оқи аласыз деген сөз. 

Дисплейі OLED LTPO технологиясы бойынша жасалыпты. Ал жиілігі 1-ден 120 Гц-ке дейін екен. Мұндай телефон экрандағы контентке байланысты жиілігін өз бетімен ауыстырып отырады. Жоғары сападағы контентті тұтынсаңыз жиілігін арттырады, ал басқа уақытта төмендетеді. Осылай, қолданушының смартфонының қуатын үнемдеуге көмектеседі. 120 ГЦ жиіліктің тағы бір пайдасы – бейнені біркелкі (плавно) көрсететінінде. Мысалы, ойын ойнағанда кейіпкеріңіз қатпай, тез-тез қозғалады. Оған қоса экраны 1440 Гц-ке дейін қараңғыланады да, көзге ауыр салмақ түсірмейді. Ал сенсор экранының жиілігі – 300 ГЦ. Мұндай экранды саусақпен басқанда ондағы ақпарат секундына 300 рет жаңарып үлгереді. Бұл тез-тез хат алмасқанды ұнататын адамдар үшін тиімді. 

Смартфонның экраны Kunlun Glass әйнегінен жасалған. Соның арқасында телефон тез сырылып кетпейді және байқаусызда құлаған жағдайда сынып кетпейді. 

Фото: Stan.kz

Камерасы

HUAWEI Pura 70 смартфонының үш камерасы бар. Олар үшбұрыш болып орналасқан. Компания өкілдерінің айтуынша, камералардың үшбұрыш болып орналасқаны “қозғалыс және жаңаны бастау” деген мағынаны білдіреді. 

Құрылғының камерасы жай фотоға түсуді жақсы көретін адамдарға да, кәсіби фотографтарға да ұнайтыны сөзсіз. Оның бірқатар себебі бар. Біріншіден, смартфон фотоны жасау үшін 50 мегапиксель қолданады. Ал мегапиксель қаншалық көп болса, сурет соншалық сапалы болады. Оған қоса мегапикселі көп камера алыстағы кішкентай бөліктерді жақсы түсіреді. Мұндай фотоны қорықпай кесуге, үлкен қағазға басып шығаруға болады. Өйткені оның сапасы одан нашарлап кетпейді.

Сонымен қатар оның диафрагмасы – f/1.4–4.0. Бұл көрсеткіш төмен болған сайын, камераның матрицасынан жарық жақсырақ өтеді. Қарапайым тілмен айтқанда, адам жарық аз жерде де әдемі сурет түсіре алады. 

Фото: Stan.kz

Алматыдағы ең биік әрі әсем ғимараттың бірі - “Қазақстан” қонақүйі. Қолымызда HUAWEI Pura 70 смартфоны болған соң, түнгі қалада басына тәж киіп, жарқырап тұрған ғимаратты суретке түсіріп көрдік. Әдетте басқа смартфондар арқылы түнде суретке түсіргенде көшедегі шамдардың, қонақүйдің төбесінде жанып тұрған тәжінің жарығы сызық болып шашырап, суреттің сәнін кетіретін. HUAWEI Pura 70 мұндай қатені жібермепті. Керісінше, телефон шамның жарығын шашыратпай, тұнық ете түсті. Тіпті, 25 қабаты бар қонақүй бөлмелерінің жарығы тұп-тұнық көрініп тұр. 


HUAWEI Pura 70 смартфонына түсірілген фото

Компания смартфон алыстағы затты жақындатып түсірсе де, суреттің сапасы азаймайтынын айтады. Қаншалық рас екенін білу үшін оны да тексердік. Сөйтіп 300 метр алыстан қонақүйді 1х, 5х, 10х-ке дейін жақындатып фотоға түсірдік. HUAWEI Pura 70-тің нәтижесі таңғалдырды. Смартфон Scaler жасанды интеллектінің арқасында биіктігі 102 метр ғимараттың төбесін өте анық түсірді. 

HUAWEI Pura 70 смартфоны арқылы 1х, 5х, 10х етіп түсірілген фото

Смартфон қозғалып бара жатқан затты да барынша нақты бейнелейді. Мәселен, Абай даңғылы бойында кетіп бара жатқан көлікті түсірдік. Нәтижені суреттен өздеріңіз де көре аласыздар.

HUAWEI Pura 70 смартфонына түсірілген фото

Әдетте алдыңғы камераның сапасы артқыға қарағанда сәл төмендеу болады. Huawei компаниясы жаңа өнімінде мұны шамасы келгенше жақсы етіп жасауға тырысыпты. Өміріңіздің жарқын сәттерін ешкімнің көмегіне жүгінбей-ақ, өзіңіз селфиге түсіп-ақ, естелік ете аласыз. Алдыңғы камера видеоны 4160x3120 сапада түрлі режимде түсіре алады: керемет сәттерді баяу ете алады, әдемі көріністі пейзаж арқылы немесе панорама арқылы түсіреді, түрлі фильтр, креатив қолдануға болады. 

Фото: Stan.kz

Ақылды жүйесі 

HUAWEI Pura 70 – өте ақылды смартфон және оның мүмкіндігі көп. Бұл телефонды егде жастағы ата-әжелерге алып беруге болады, себебі ондағы қаріптерді үлкейтіп қоя аласыз. Сонда ата-әжеңіз қиналмай экрандағы ақпаратты оқи алады екен.

Сонымен қатар құрылғы экранын баспай-ақ, алыстан басқаруға болады. Мысалы, алдыңғы камераны ашып, жай ғана 32 тісіңізді көрсетіп күлсеңіз, телефон өзі “шырт” етіп суретке түсіреді. Оған қоса экранды бір саусақтың аралық буын сүйегімен екі рет басса, экранның скриншоты жасалады, ал екі саусақтың аралық буын сүйегімен екі рет басса, экранды видео етіп жазып алады. Смартфонды 20-40 сантиметр алыс ұстап, алақан арқылы жоғарыға-төменге жылжытуға болады. Алақаныңызды жұмсаңыз, экранды скриндайсыз. Мәселен, тамақ ішіп отырып телефон көріп отырсыз делік. Ондағы контентті ауыстыру үшін сатпақ-сатпақ қолыңызбен экранның бетін ұстаудың қажеті шамалы. Алақаныңызбен алыстан басқара бересіз. 

Фото: Stan.kz

Көбіміздің анамыз қамыр илеп жатқанда немесе қолы бос емес кезде телефонына біреу хабарласса, “қоңырауды алып жіберші” деп өтініш жасайды. Ал HUAWEI Pura 70 телефонын адам құлағына тақаса, бірден қоңырау алынады. Құрылғы осы жағынан ұтымды екен. Әрине, бұл фукнцияның бәрін қалаған уақытыңызда өшіріп-қосуға болады. 

Фото: Stan.kz
Қуаттағышы 

HUAWEI Pura 70 аккумулляторы – 4900 миллиампер-сағат, номинал сыйымдылығы –  4800 миллиампер-сағат. Мұндай сипатқа ие смартфонның қуаты ұзаққа жетеді. 

HUAWEI Pura 70-тің екі қуаттағышы бар: бірі – Huawei SuperCharge, екіншісі – сымсыз жылдам қуаттайтын Huawei SuperCharge. Ал сымсыз қуаттайтын Huawei SuperCharge қуаттағышы 50 Ватқа дейін қуаттап береді. Смартфонды сымсыз қуаттағыш арқылы қуаттау үшін арнайы қуаттағыш панелін сатып алу керек. 

Біз HUAWEI Pura 70 смартфонын үш күн қолданып көрдік. Күні бойы пайдаланбадық, десе де барлық функциясымен танысып шықтық: фильм көрдік, музыка тыңдадық, суретке түстік және тағы басқа. Қуаты үшінші күнде ғана таусылды. 

Фото: Stan.kz

Қауіпсіздігі 

Кез келген адам смартфонында жеке деректерін, жеке суреттері мен видеоларын, хабарламаларын сақтайды. Сол себепті телефонның қауіпсіз болғаны маңызды. HUAWEI Pura 70 смартфонын саусақ ізі, құпиясөз, бет-әлпет арқылы қорғауға болады. Ал әр қолданған сайын құпиясөзді теріп отыруға ерінсеңіз, “ақылды құлыпты ашу” деген қызметті қосып қойыңыз. Сонда телефоныңызға жалғанған құлаққапты, сағатты тақсаңыз, құрылғыңыз автомат түрде ашылады. Оған қоса смартфоныңызды басқа құрылғылармен де байланыстырып қоюға болады. Офисте ноутбугыңыз арқылы жұмыс істеп, үйге барғанда оны смартфоныңыз арқылы жалғастыра аласыз. 

Фото: Stan.kz

Қорытындыласақ, HUAWEI Pura 70 смартфоны –  кейінгі трендер, қолданушыларға қажет функциялар бар, қолданғанға ыңғайлы құрылғы. Телефон жүйесі озық технология бойынша істейді. Мықты камерасынан бастап операциялық жүйесіне дейін бұл смартфон барлық аспектіде сапа мен функционалды бағалайтындарға арналған. 

Жарнама құқығында

Талқылау