Қытайдағы хайуанаттар бағының қызметкерлері иттерді панда секілді бояп қойған
Қытай хайуанаттар бағы темір тордың арғы жағына панданың орнына иттерді бояп қойған. Зообақтың бұл қулығы әшкере болып, адамдар билетке төлеген ақшаларын кері қайтаруды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Daily Mail
Мәліметтерге сенсек, сирек кездесетін және экзотикалық жануарлардың отаны саналатын Қытайдың Гуандун провинциясындағы Шаньвэй қалалық округінде хайуанаттар бағы бар.
Таяуда зообақта туристер өздері ойлағаннан да "сирек кездесетін жануарларды" кездестірген. Қоршауда қара және ақ түсті кішкентай пандалар жүгіріп жүрген, бұл жағдай хайуанаттар бағына келушілердің назарын аударған.
Өйткені панда табиғатынан ақырын қозғалатын, жалқау жануарлар. Сондықтан мұқият қарай келе, адамдар олардың боялған Чоу-Чоу тұқымды иттер екенін анықтады.
Оқиға орнынан "Сирек кездесетін жануарлар" деген сипаттамен түсірілген видео желіде жылдам тарады. Көп ұзамай хайуанаттар бағының қызметкерлері қоршауда боялған иттер болғанын мойындады. Алайда мұнда ешқандай алдау жоқ екенін, қоршауда "панда-иттер" деген жазу барын көрсеткен. Дегенмен хайуанаттар бағына келушілердің кейбіреуі билет ақысын қайтаруды талап етті.
Еске салайық, бұған дейін Алматы зообағы екі ай бұрын әкелінген аюдың өлгенін жасырып келгенін жаздық. Оқиғадан кейін Чехиялық зообақ тергеуді талап етті.