"Халық жағымсыз иіске тұншығып отыр": Алматы облысында кәсіпкер қоқыс өңдейтін зауыт орнына ақылы полигон ашқан
Тау етегінде орналасқан Талғар өңірінде қоқыс мәселесі тағы қозғалды, деп хабарлайды "Хабар 24". Тағы дейтініміз бұған дейін де жергілікті тұрғындардың шағымы бойынша осы тақырыпты көтерген едік. Бұл жолы жеке кәсіпкер Бақтығали Айжігітовке тиесілі қоқыс полигоны төңірегінде дау шыққан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап.
Жергілікті экологтар мен мәслихат депутаттары "Жан-Ару" қоқыс полигонын жабу керек екенін алға тартты.
"Жан-Ару" жеке кәсіпкерлігіне тиесілі қоқыс полигонында ешқандай заң талаптары сақталмаған. Бұл жерді кәсіпкер 2018 жылы қоқыс өңдеу зауытын саламын деп жалға алған. Бірақ содан бері әлі ешқандай зауыт та, басқасы да жоқ. Тіпті айналасы қоршалмаған. Соның нәтижесінде үйінді болып жатқан қоқыс иісінен Талғар халқы тұншығып отыр”, – деді Талғар аудандық экологиялық кеңестің төрағасы Мирас Байсейітов.
“Бұл заңсыз үйіндіден текқана тұрмыстық қалдықтар емес, малдың өлекселерін көрдік. Одан әртүрлі жұқпалы аурулар тарауы әбден мүмкін. Тек қана Талғар емес жағымсыз иіс жел соқса, жақын жердегі Ақтас пен Ават ауылдарына да тарайды”, – деді Талғар ауданының мәслихат депутаты Ержан Игібаева.
Белгілі болғандай, аудандық Экологиялық кеңес сотқа шағымданып, "Жан-Ару" қоқыс полигонын үш айға жабу туралы қаулы шыққан. Алайда жеке кәсіпкер өз жұмысын жалғастыра береді. Заңгердің сөзінше, 30 сотық жерге зауыт салу мүмкін емес екен. Әрі әкімдіктен де ешқандай көмек болмаған.
“Даудың туындаудың екі себебі бар. Біріншіден, әкімшілік тарапынан ешқандай қолдау көрсетілген жоқ. Береміз деген 2-10 гектар жер берілмеді. Коммуникация жүргізілген жоқ. Электр қуатын береміз деген уәдесінде тұрған жоқ. Осындай қиындықтардың кесірінен, әрине, кемшіліксіз болмайды. Кемшіліктер болған шығар”, – деді “Жан-ару” фирмасының заңгері Асылбек Қараев.
Дау шығуының тағы бір себебі бәсекелестік дейді. Өйткені дәл осы "Жан-Ару" қоқыс полигонының жанында аумағы шамамен 7 гектар жерді алып жатқан тағы бір полигон бар екен. Жергілікті билік өкілдері екінші полигонда барлық заң талаптары сақталған деп отыр.
“Бұл Жан-Ару кіші кәсіпкерлігінде үлкен жүк тасымалдайтын КамАЗ көліктерінен 5 мың теңге алған. Ал қасындағы тура осындай зауытта әр жүк көлігінен 8 мың алған. Сондықтан, әрине, осындай арзандылығына байланысты, тез қолжетімділігіне байланысты қоқыспен айналысатын кәсіпкерлер осы Жан-Ару фирмасына өтініш білдіріп, ана кісілердің жұмыстары жүрмей қалуы мүмкін”, – деп қосты заңгер Асылбек Қараев.
Жеке кәсіпкер өз құқын қорғау үшін сотқа жүгінген. Әкімдік өкілдері даудың төрелігін сот айтсын деп отыр.
“Бізде табиғатты қорғау прокуратурасы бар. Қазіргі уақытта заң аясында сот процесі жүріп жатыр. Жуық арада осы мәселеге қатысты барлық іске нүкте қойылады деп ойлаймын”, – деп мәлімдеді Талғар ауданы әкімінің орынбасары Оразхан Қаспақбаев.