Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Халық зардап шегуде”: Қазақстанда судьяларды тағайындау жүйесін өзгерту ұсынылды

Депутат Абзал Құспан премьер-министрі Алихан Смайловқа елдегі сот жүйесіне қатысты депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Депутат елімізде заңнамалық тұрғыдан судьялардың қызметі дұрыс бекітілгенін алайда іс жүзінде президент тарапынан тағайындалған кейбір сот жүйесінің өкілдері қызметтерін асыра пайдаланатынын айтты.

“Судьялық лауазымға кәсіби біліктіліктен бөлек жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері мен ел алдында мiнсiз беделі болуы талап етіледі. Барлық судьялардың Президент Жарлығымен тағайындалуы да сот тәуелсіздігінің бірден-бір кепілі әрі оларға артылған жауапкершіліктің маңызын білдірсе керекті. Өкінішке қарай, мемлекет және Президент тарапынан берілген осы жоғары сенімді жекелеген судьялар тарапынан теріс пайдалану фактілері де орын алуда. Қазақстан Конституциясының 3 бабы, 1 бөлігіне сәйкес, биліктің жалғыз қайнар көзі – халық деп көрсетілген! Судьялардың тәуелсіздігі деген ұғым, олардың халықтан жоғары тұрады дегенді білдірмесе керек”, – деп түсіндірді ол. 

Ол сот жүйесіне де халықтың араласуын сұрады. 

"Конституцияға сәйкес, халық атынан билікті жүзеге асыру үш тармақтан тұратын билік органына жүктелген, олар Үкімет, Парламент және сот билігі. Биліктің алғашқы екі тармағына қатысты халық, яғни еліміздің азаматтары сайлау арқылы, жылына бір реттен кем емес есеп алу арқылы  әсер ете алатын болса, үшінші, сот билігіне келер болсақ, судьяларды қызметке тағайындау, босату, тәртіптік жауапкершілікке тарту процесінің ешқайсысына ел азаматтары араласпайды. Бұрындары сот алқа және сот төрағалары деңгейінде азаматтарды қабылдайтын, қазір ол практиканы да толық тоқтатты. Салдарынан сот саласы іс жүзінде жабық корпорацияға айналды”, – деді Абзал Құспан. 

Оған қоса, депутат нақты оқиғалармен факт келтіріп, мәселені ашық көрсеткен. 

"Іс жүзінде, жергілікті жердегі судья өзінің жоғары тұрған сот басшылығымен жақсы болса болды, оның басынан бір тал шаш түспейді. Жақында өзім сайланған округ әрі туған жерім БҚО, Жаңақала ауданында аудандық судьяның бойжетіп қалған қызы аудан халқын әлеуметтік желі арқылы қарғап-сілеп, тура мағынасында боқтап-балағаттайды. Судья кәмелетке толмаған баланың әкесі ретінде аудан халқынан басын иіп, кешірім сұраудың орнына, аудан халқы атынан әділдік іздеп сотқа барған 6 азаматпен адвокат жалдап соттасып, олардың әрқайсысынан 100 мың теңгеден, 600 мың теңге ақша өндіріп алды”, – деді ол. 

Абзал Құспан мұндай мәселенің өз басынан өткенін де жасырмады. 

"Ондай жағдай өз басымнан да өткен. Күні кешегі адвокаттық тәжірибемде бір жарым беттік Қаулыда 74 қате жіберген, сот процесінде қайта-қайта қорылдап ұйықтап кеткен, мансабын пайдаланып, қайтыс болған ірі бизнесменнің атына өзінің қызын жаздырып, кейін бизнесменнің отбасымен мұрагерлік мүлікке таласқан судьялар туралы әлеуметтік желіде кезінде ашық жазған едім. Нәтижесінде "судьяға құрметсіздік көрсеткенім үшін" өзімнің үстімнен қылмыстық іс қозғалып, сау басыма сақина тілеп алғандай болғам. Ал ол судьялар түк болмағандай, күні бүгін Қазақстан Республикасы атынан сот төрелігін жүзеге асыруда. Жалпы бұндай деректерді тізбелер болсақ, көптеп кездеседі. Неге олай деген сұраққа жауап іздесек, мәселе соттардың өздеріне ыңғайлап жазып алған заңдық, нормативтік актілерде екенін көреміз”, – дейді Абзал Құспан. 

Ол судьяларға қойылатын талапты күшейтіп, оларды тағайындау жүйесін өзгертуді сұрады.

"Соның бірі 2001 жылғы Президент Жарлығымен бекітілген "Сот жюриі туралы" Ереже. Оған сәйкес, судьялардың тәртіптік жауапкершілігін құрамы ЖСК жанындағы, құрамы 9 адамнан тұратын комиссия, яғни жюри шешеді, жюридің 6 адамы судьялардың өздері болса, 1 ЖСК мүшесі, 1 заңгер, 1 адвокаттан тұрады. Мысалы үшін адвокатура саласында облыстық және РАА жанынан тәртіптік кеңестер құрылған, онда халықтың атынан депутаттар қатысады, олардың қатарында осы Мәжілістенде әріптестерім бар. Жалпы Ескі Қазақстан кезінде судьяларға қойылатын біліктілік талаптарын сақтамай, кім көрінген судьялық лауазымға қол жеткізіп кетті. Ол туралы басқа емес, сол сот саласының басшылығында болған азаматтардың өздері де ашық айтты уақытында, судьяларды айыптау органдарының шешімін заңдастырып беретін нотариустарға да теңеді. Енді халық осындай судьялардан тура мағынасында зардап шегуде. Сондықтан, Сізге Конституциялық Сот Қаулысын орындау барысында сот қызметіне қатысты Конституцияның 3 бабы, 1 бөлігінің талаптарын, яғни биліктің жалғыз қайнар көзі халық екенін ескеріп, тиісті механизмдерді қайта қарастыруды ұсынамын, халық атынан сайланған депутаттық корпуста бұл мәселеде қалыс қалмайды деп ойлаймын”, – делінген депутаттық сауалда. 

Талқылау