Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Гүлназ Жоланова: Кезінде Асқар Ұзабаев "Ешқашан киноға қайтып келме" деген

Гүлназ Жоланованың негізгі мамандығы актриса емес. Ол кино әлеміне кездейсоқ келген. Алғаш бұл салаға бет бұрғанда отандық кинорежиссерлер Жоланованы аса жақтырмапты. Әсіресе Асқар Ұзабаев бұл әлемнен шығар есікті нұсқаған көрінеді. Бұл туралы Stan.kz ArtView Youtube жобасына сілтеме жасап хабарлайды. 


Гүлназ Жоланова киноға "Қазақ аруы" жобасында жеңіске жеткеннен кейін кездейсоқ келген. Сұлулық байқауына қатысуға да Жоланова аса құштар болмаған. Әпкесінің ұсынысымен бағын сынап көрген. Алайда жеңемін деп еш ойламаған. 

Жобадан кейін продюсер Баян Алагөзова Гүлназды телехикаяға шақырған. Тәуекел Мүсілім мен Гүлназ Жоланова басты рөлді сомдаған "Махаббатым жүрегімде" сериалы осылай дүниеге келген. 

Бірте-бірте Жоланованы отандық режиссерлер өз картиналарына шақыра бастаған. Осы уақытқа дейін Гүлназ Нұртас Адамбай, Нұрлан Қоянбаев сынды кинопродюсерлермен жұмыс істеген. 

Ал алғашқы жобалардың біріне режиссерлік еткен Асқар Ұзабаев Гүлназға кино әлемінен шығар есікті көрсеткен көрінеді. 



"Алғашқы жобам болатын. Нені, қалай істеу керектігін толық түсінбеген кезім. Асқар Ұзабаев "Ешқашан киноға қайтып келме" деп нашар сөздермен жеткізді. Бірақ одан бері 6 жыл өтті, мен әлі кинодамын. Асқарға сәлем. 

Сол сәтте ренжідім. Бірақ оның сөздері маған алға қарай жылжуға мотивация болды. 

Асқарға өзімді толық дәлелдемедім деп ойлаймын", – дейді Гүлназ ағынан жарылып.

Актриса өмірде қандай да бір мүмкіндік берілген кезде, оны барынша қолдануға тырысады. 

"Бірақ біздің мамандық сондай, қол қоймайынша, түсірілім басталмайынша, бірдеңе айту қиын. Шетелде түскім келеді. Талпынып көрдім, әзірге жолым болған жоқ", – дейді Жоланова.

Талқылау