"600-ден аса салымшыны алдаған": Грузиядан қаржы пирамидасын ұйымдастырушы экстрадицияланды
Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің қызметкерлері сыртқы істер министрлігінің атсалысуымен күдіктіні қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін қылмыстық жауапқа тарту мақсатында Грузиядан экстрадициялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеокадрдан алынған
Айыпталушының құрған қылмыстық тобы 2020 жылы Маңғыстау облысында "Plus Capital" қаржы пирамидасын ұйымдастырып, 600-ден астам салымшының жалпы сомасы 3 миллиард теңгеден астам ақшалай қаражатын, жылжымалы және жылжымайтын мүліктерін заңсыз иемденген.
“Қылмыстық топ мүшелерінің бір бөлігі түрлі жаза түрлеріне байланысты сотталды. Ал күдікті қылмыс жасағаннан кейін жасырынған, соған байланысты халықаралық іздестіруге жарияланды. 2023 жылғы қарашада ол Грузия аумағында ұсталды. Қазір күдікті Ақтау қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – делінген хабарламада.
Бұл қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.
Еске салайық, 2022-2023 жылдар аралығында қазақстандық ер адам шетелден көтерме көлемде азық-түлік жеткіземіз деген желеумен тоғыз кәсіпкердің ақшасын алаяқтық жолмен алып кеткенін жаздық. Ресейлік тарап экстрадициялау мәселесін шешкенін бас прокуратура атап өтті. Күдікті Қазақстанға жіберілді, онда ол қылмыстық жауапқа тартылады.