Грузия президенті мандатының аяқталуына қарамастан қызметінен кетпейтінін мәлімдеді
Грузия президенті Саломе Зурабишвили парламент "легитимсіз" болғандықтан мандатының аяқталуына қарамастан өз өкілеттігін жалғастыратынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ТАСС порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Mindaugas Kulbis
Зурабишвили мұны телеүндеу арқылы жеткізді.
"Мен президенттеріңіз болып қаламын. Заңды парламент жоқ. Тиісінше, легитимсіз парламент жаңа президентті сайлай алмайды. Осылайша, инаугурация болмайды. Сол себепті парламент заңды түрде сайланбайынша, менің мандатым қалады”, – деді ол.
Грузия парламенті президент сайлауын 14 желтоқсанға және ұлықтау рәсімін 29 желтоқсанға белгілеген еді. Кейінірек "Грузин арманы – демократиялық Грузия" партиясы депутат Михаил Кавелашвилиді президенттікке кандидат деп атады.
Грузияда президент алғаш рет жалпы халықтың дауысынсыз сайланбақ. Мемлекет басшысын 300 таңдаушыдан тұратын алқа сайлайды. Оның құрамына Грузия парламентінің 150 депутаты, Аджария мен Абхазия Жоғарғы кеңестерінің өкілдері, сондай-ақ жергілікті билік органдарының депутаттары кіреді. Кемінде 30 адамнан тұратын таңдаушылар тобы өзінің президенттікке кандидатын ұсынуға құқылы.
Қазіргі президент Зурабишвили 2018 жылы азаматтардың тікелей дауыс беруі арқылы алты жылдық мерзімге сайланды. Енді одан кейінгі президенттер бес жылдық мерзімге сайланады.