Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Gres Park: Алматы облысында жаңа баспана алған жұрт құрылыс сапасына көңілі толмай, шу шығарды

Gres Park тұрғын үй кешені уақытында “комфорт класс” деп сатылған. Алайда тұрғындар үй сапасының комфорт санатына сай келмейтінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасының жаңалықтарына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: novostroyki-almaty

Қабырғалары жарылып, жарығы да жиі сөнеді екен. "Жалаң жарнамаға сендік" деген жұрт құрылыс компаниясының табалдырығын тоздырса да, еш нәтиже болмаған. Ал компания өзіне шаң жуытар емес. 

Тұрғын үйдің пайдалануға берілгеніне екі-ақ жыл болған. "Су жаңа пәтерге ие болдық" деген тұрғындардың қуанышы көпке созылмапты. Өйткені үйлердің қабырғасы сөгіліп, іргетасы опырыла бастаған. Ал жер сілкінісінен кейін кейбір пәтердің еденіне сызат түскен. Сапасыз салынған үйлерінің кем-кетігін көрсеткен тұрғындар, жауын болса, төбеден су ағады деп жыларман болды. 

Нәзира Қиятова есімді тұрғын мұнда былтыр көшіп келген. Содан бері үйін жөндеуден қолы босамапты. 

"Ешқандай жағдай жоқ. Бөлмелерімде сызат, жарықшақтар. Жел соғып тұрады. Алғаннан сондай боп тұр. Жер сілкінісіне дейін болған. Қыста еденімнің астынан жел гуледі, үлкен тесік бар. Ешқандай "комфорт" емес", – дейді Нәзира Қиятова.

Gres Park кешенінің желідегі жарнамасына қарасаң, шынымен көздің жауын алады. Арнайы кең көлік тұрақтары мен жасыл желек қоршаған ауласы бар. Тізіліп тұрған дүкен, сұлулық салоны, дәріханасы да көрсетілген. 

"Бізде мәселе көп. "Домус Қазақстан" компаниясының айтқанынан сеніп қалдық. Үйді сатқан кезде комфорт санататындағы үйлер деп айтқан. Газыңыз да, суыңыз да, жылуыңыз да бар деп. Енді, міне, не суға, не жарыққа жарымай отырмыз. Жарық жиі сөнеді", – дейді Алиса Попова.

Тұрғын үй пайдалануға берілгеніне жыл толмай жатып кіреберістегі қабырғалар үгітіліп түсе бастаған.

Барлық қабырғада жарықшақ пайда болды. Бізде жеке шот деген мағына жоқ. Бәрін заңды түрде төлейік, суды адам сияқты қолданайық десек, ол да жоқ. Жалпы тұрғын үй кешені 11 блоктан тұрады, яғни 380 пәтер бар. Суды да тұрғындар әлі құрылыс компаниясынан алып ішеді. Өйткені құбыр коммуналдық мекемелердің балансына өтпеген", – дейді тағы бір тұрғын.

Су мәселесіне қатысты Гүлдала ауылдық округі әкімінің орынбасары Меруерт Азылқияшева жауап берді. 

"Су желісі Іле ауданына қарайды. Ол жақтағылар заңды тұлға ретінде "Домус Қазақстанмен" келісім-шартқа отырған. Бұл мәселені шешу үшін суды Іле ауданына, не болмаса Талғар ауданына алу керек болып тұр. Біз жаңа айттық, дүйсенбі күні хат жазамыз, Іле ауданына да, Талғар ауданына да. Осы мәселені қарастырады", – деді Меруерт Азылқашиева.

Ал құрылыс компаниясы үйдің сапалы салынғанын айтып, жұрт сөзін жоққа шығарды.

"Біз бұл кешенге су және кәріз жүйесін жүргізгенбіз. Енді оның балансын аудандық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығына қосуымыз керек. Ал балалар алаңқайы мен қабырғалардың опырылуы — табиғи құбылыс. Кез келген дүние ескіреді. Біз оны жөндеп, уақытылы орнына келтіру шараларын істеп жатырмыз. Ол жағынан мәселе жоқ", – дейді Domus Qazaqstan компаниясының өкілі Ілияс Байділов

Дегенмен тұрғындар мұндай құрғақ уәдеге тойған. Мәселе жақын арада шешілмесе, компаниямен жаппай соттасуға бекініп отыр.

Талқылау