Green SM: Вьетнамдық электротакси сервисі Алматыда экологиялық мобильділікті қалай дамытып жатыр?

Алматы көшелеріндегі электромобильдер біртіндеп таңсық құбылыс болудан қалды. Электрокар иелерінің саны артып, жаңа қуаттау станциялары ашылып, экологиялық таза көлік нарығы қалыптаса бастады. Бұл бағыттағы жаңа қатысушылардың бірі – Алматыда жұмысын бастаған вьетнамдық Green SM такси сервисі. Компания жолаушыларды тек электромобильдермен тасымалдайды.
Қазақстан нарығы үшін Green SM әзірге жаңа сервис болғанымен, компанияның халықаралық нарықта бірнеше жылдық тәжірибесі бар. Бренд GSM жасыл экожүйесінің құрамына кіреді және Қазақстаннан бөлек Вьетнам, Лаос, Индонезия, Филиппин және Үндістан нарықтарында жұмыс істейді. Компания өз миссиясын жолаушыларды бір нүктеден екінші нүктеге жеткізумен ғана шектемейді. Green SM экологиялық мобильділікке көшуді жеделдетіп, қалалық көлік жүйесінің тұрақты әрі қоршаған ортаға зияны аз үлгісін дамытуға үлес қосуды көздейді. Бұл міндетті компания тек электрлі көліктерді пайдалану арқылы жүзеге асырмақ емес.

Green SM жұмысының негізінде толығымен электрлі автопарк, арнайы даярлықтан өткен жүргізушілер, ашық тарифтер және әрбір сапарға қойылатын бірыңғай талаптар жатыр. Яғни жолаушыға бензин қозғалтқышы жоқ автомобиль ғана емес, көліктің техникалық жағдайы мен қызмет көрсету сапасы орталықтандырылған жүйе арқылы бақыланатын, алдын ала болжам жасауға болатын тұрақты сервис ұсынылады.

Алматы неліктен алғашқы қала ретінде таңдалды?
Green SM компаниясының Қазақстандағы алғашқы жұмысын Алматыдан бастауы кездейсоқ емес. Алматы – елдегі ең ірі такси нарығы. Қалада күн сайын өте көп сапар жасалады. Сонымен қатар электромобильдерге деген қызығушылық артып келеді, ал ауа сапасы мегаполистегі ең өзекті мәселелердің бірі болып қала береді.
Green SM Kazakhstan бас директоры Артур Шаймухамбетовтің айтуынша, Қазақстан Орталық Азиядағы такси қызметі ең жақсы дамыған нарық саналады.
"Сондықтан біз Алматы қаласын таңдадық. Мұнда электромобильдерге сұраныс жоғары, оларды пайдалану көлемінің артып келе жатқанын көріп отырмыз. Сонымен бірге экология мен ауа сапасына қатысты үлкен мәселе бар. Біз дәл осы қалада қоғамға барынша пайдалы бола аламыз деген шешімге келдік. Біздің алдымызда нарықтың белгілі бір үлесін иелену немесе басқа сервистерді ығыстыру міндеті тұрған жоқ. Біз Алматы тұрғындары мен қонақтарына қосымша балама ұсыну үшін келдік. Компанияның дамуы нарық үлесін алу ниетіне емес, пайдаланушылардың сұранысын қаншалықты сапалы қанағаттандыра алатынымызға және қызмет көрсету стандарттарымызды сақтай алуымызға байланысты болады", - деді Артур Шаймухамбетов компанияның таныстырылымда.
Осы себепті Green SM Алматыдағы жұмыс ауқымын бірден емес, кезең-кезеңімен кеңейтуді жоспарлап отыр. Сервис жұмыс істейтін аумақ мобильді қосымшада көрсетілген. Қызмет көрсету аумағының ұлғаюы, автомобильдер мен серіктес жүргізушілер санының артуы нақты сұранысқа қарай жүзеге асырылады. Green SM компаниясының басқа елдердегі электрлі автопарктерді басқаруда үш жылдық тәжірибесі бар. Қазақстанда бұл тәжірибе жергілікті климаттың, жол инфрақұрылымының және халықтың нақты сұранысының ерекшеліктерін ескере отырып қолданылмақ.
Green SM-нің Алматыдағы автопаркі толығымен электромобильдерден құралған. Жолаушыларды тасымалдау үшін компания бес орындық VinFast VF 6 кроссоверлерін таңдады. Автопаркте бір модельдегі автомобильдерді пайдалану олардың техникалық жағдайын бақылауды жеңілдетеді. Барлық көлікке техникалық қызмет көрсету, жабдықтау және тазалық бойынша бірдей талап қойылады. Машиналар тұрақты түрде тексеріліп, тазаланып және техникалық қызмет көрсетуден өткізіледі. GPS-трекинг пен телематика жүйелері көліктердің орналасқан жерін ғана емес, олардың техникалық жағдайын да бақылауға мүмкіндік береді. Автопаркті орталықтандырылған басқару Green SM сервисінің дәстүрлі такси агрегаторларынан басты ерекшеліктерінің біріне айналуы тиіс.

Компания мобильді қосымша арқылы жолаушы мен жүргізушіні байланыстырып қана қоймайды. Ол автомобильдердің жағдайын және жүргізушілердің жұмысқа дайындығын да тікелей бақылайды. Осының арқасында Green SM барлық автомобильде қызмет көрсетудің бірыңғай деңгейін қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Қазақстан жағдайында электромобильдерді қыста пайдалану мәселесі ерекше маңызға ие. Компания өкілдерінің айтуынша, суық маусымға арналған арнайы жұмыс регламенттері әзірленген. Олар тежегіштерді, шиналарды және қозғалыс қауіпсіздігіне әсер ететін басқа да бөлшектерді тексеруді, жүргізушілерді қар мен көктайғақ кезінде жұмыс істеуге дайындауды, сондай-ақ ауа райы мен жол жағдайын тұрақты бақылауды қамтиды. Қажет болған жағдайда компания жолдағы ахуалға байланысты желіге шығатын автомобильдердің жұмыс режимін өзгерте алады.
"Барлық автомобиль міндетті техникалық тексеруден өтеді. Автопарк өзімізге тиесілі болғандықтан, желіге шығатын әрбір көліктің қандай жағдайда екенін бақылай аламыз. Біздің міндетіміз - қауіпсіз, жайлы және экологиялық таза сапар ұсыну", — деді Артур Шаймухамбетов.
Green SM жүргізушілерді даярлауға да айрықша назар аударады. Жұмысқа кіріспес бұрын олар арнайы оқудан өтіп, қызмет көрсету стандарттарын, қауіпсіздік талаптарын және электромобиль басқарудың ерекшеліктерін меңгереді. Сонымен қатар жүргізушілер стандарттан тыс жағдайларда әрекет етуге, егде жастағы адамдарға және мүгедектігі бар жолаушыларға көмек көрсетуге үйретіледі.

Электротакси қала экологиясына қалай әсер етеді?
Green SM өкілдері электротаксилер іштен жанатын қозғалтқышы бар автомобильдерді қысқа мерзім ішінде толық алмастыра алады деп мәлімдемейді. Компания оны қалалық көліктің қосымша әрі экологиялық баламасы ретінде қарастырады. Электромобильдердің негізгі артықшылығы - қозғалыс кезінде атмосфераға пайдаланылған газ шығармауы. Көлік қозғалысы өте тығыз және ауа сапасы өзекті мәселеге айналған Алматы үшін бұл фактордың маңызы жоғары. Алайда электрлі көліктің нақты экологиялық әсері тек электромобильдер санына байланысты емес. Оған көліктердің қаншалықты қарқынды пайдаланылатыны, электр энергиясының қандай көздерден өндірілетіні және қуаттау инфрақұрылымының қолжетімділігі де ықпал етеді.
Green SM басқа такси сервистерін нарықтан ығыстыруды мақсат етпейді. Компания жолаушылардың таңдау мүмкіндігін кеңейтіп, бәсекелестікті тек сапар бағасы мен автомобильдің келу жылдамдығы арқылы емес, қызмет көрсету сапасы бойынша да күшейтуді көздейді. Қуаттау станциялары, серіктестер және одан әрі кеңею Green SM такси сервисімен қатар электромобильдерге қажетті инфрақұрылымды да дамытуды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта сауда орталықтары және жеке операторлармен бірлесіп жаңа қуаттау станцияларын орнату мүмкіндігі қарастырылуда. Компания бұл бағыттағы жұмысқа басқа да кәсіпорындарды тартпақ. Осы мақсатта экологиялық таза көлікті дамытуға мүдделі серіктестерді біріктіретін Green Alliance Frontier бастамасы құрылды. Мұндай әріптестік электромобильдер саны көбейген сайын қуаттау желісін де қатар дамытуға мүмкіндік беруі тиіс.

Қазіргі уақытта Green SM Алматыда электротакси шақыру сервисі ретінде жұмыс істейді. Болашақта компания әуежай трансферлерін, корпоративтік тасымалдарды, жазылымға негізделген сервистерді және басқа да көлік шешімдерін іске қосуды қарастырады. Дегенмен жаңа бағыттар негізгі такси қызметінің жұмысы тұрақтанғаннан кейін ғана кезең-кезеңімен енгізілмек.
Компанияның Қазақстанның басқа қалаларына шығу жоспары да бар. Бірақ әзірге нақты мерзімдер белгіленбеген. Географиялық ауқымды кеңейту Алматыдағы жұмыс нәтижесіне, нақты сұранысқа және қажетті инфрақұрылымның дайындығына байланысты болады. Автопарк те осы қағида бойынша ұлғайтылады. Алдымен компания қазіргі ауқымда қызмет көрсету сапасын тұрақты ұстап тұра алатынына көз жеткізбек. Содан кейін ғана көліктер мен жүргізушілер санын арттыруға кіріседі.

Ұзақ мерзімді перспективада Green SM электромобильдер санының өсуі қуаттау станцияларының, сервистік қызмет көрсетудің және тасымалдаудың жаңа форматтарының дамуымен қатар жүретін экологиялық мобильділік жүйесін қалыптастыруға атсалысуды көздейді. Ал бұл жүйенің қаншалықты жылдам дамитынын, ең алдымен, Алматы тұрғындарының нақты сұранысы айқындамақ.
Жарнама құқығында
Алматыда каннибалдар жеті әйелді өлтіріп, олардың етінен тұшпара жасаған