Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ғазизхан Шекербеков: Анам жазда қарбыз, қыста бәліш сатқаны үшін намыстанатын едім

Ғазизхан Шекербеков бала күніндегі қызықты оқиғаларын айтты. Әнші өнер әлеміне келуіне ата-анасының себепкер болғанын мойындады. Әке туралы әнін өз әкесінің өмірінен алғанын айтады. 

"Әкем жүрген еркекше, мен де жүрем дәл солай. Ұлы отан соғысының ардагері Көпбай атамыздың кенже ұлы, әкеміз Жандарбек 1964 жылы Бәйдібек ауданы, бұрыңғы Алғабас совхозында дүниеге келді. Әкем бала кезінен домбырамен ән салып, спортқа жақын болып өскен. Москвада әскери борышын өтеп, Шымкент қаласындағы Физкультурный спорт техникумында еркін күрес, қазақша күрес бөлімінде оқыды.

Техникумда оқып жүріп, гимнастика бөлімінің ұстазымен бірге цирк әлемінің барлық жанрын зерттеген. Сол білімімен 1988-1989 жылы ауыл балаларына цирк өнерінің әр жанрын үйретіп,”Балауса”атты ұжым құрып шәкірттерімен ел аралап, концерт қойған. Шәкірттерімен бірге Москваға дейін жетіп сондағы фестивальде Юрий Владимирович Никулиннің алдында өнер көрсетіп алғыс алған", - деп жазды Шекербеков.

Әншінің айтуынша, әкесі өнерге жақын жан еді. Ал гитараны өзіне анасы үйреткен екен. 

"Әкемнің бойындағы дарыны балаларына да дарып, мектепте жүргенде-ақ өнер көрсеттік. Інім әкеммен бірге гимнастикалық дуэт орындайды. Қарындасым өзбекше би билеп, кептерлермен өнер көрсетеді. Әкеммен бірге ән айттым. Тойға бірге шығып жүрдік. Әкем қолда бар ақшасын көпке таратып жүруші еді. Тойдан тапқан ақшасының көп бөлігін інішектеріне немесе такси жүргізушісіне бере салатын. Тіпті әкімдіктен берген үйді әкімдікке кіре алмай жүрген әжейге сыйлап жіберді. Оны анам кейін естіді. Анам қосымша табыс болсын деп қыста бәліш, жазда қарбыз сататын. Мектеп оқушылары көретін болған соң намыстанушы едім. Оның бәрі балалық екен. 2012 жылы Алматыға келдім. Оқу оқыдым. Өзім болдым дегенде әкем 42 жасында мәңгі бақиға аттанды. Менің аяққа тұрғаныма көзі жетті ме деп ойлаймын. Әкемнің ерекше мінезі, өмірі маған сабақ. "Әкем жүрген еркекше, мен де жүрем дәл солай" деген ән әкемнің өмірінен алынған еді", - деді әнші. 

Желі қолданушылары әнші мен әкесінің ұқсастығын айтып жатыр.

"Әкеңізден аумай қалған екенсіз. Жаны жаннатта болсын әкеңіздің", "Ғазизхан әкеңнің жатқан жері жаннаттан болсын. Біз сенімен көрші үйде тұрғанбыз. Әкең жақсы кісі еді. Сен де керемет жігіт болып өстің. Әкеңнің әруағы риза шығар деп ойлаймын, бақытты бол", "Әкеніздің түпнұсқасы екенсіңіз! Әкеңіздің иманы саламат болғай", - деп жазды олар. 

Талқылау