Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Газа секторындағы 40 қазақстандықты эвакуациялау жоспарланып отыр – Сыртқы істер министрлігі

Сыртқы істер министрлігі Газа секторынан қазақстандық азаматтарды эвакуациялау басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров 13 қарашада 44 азаматтан тұратын бірінші топты эвакуацияланатынын айтты. Оның ішінде 40 Қазақстан азаматы және 4 шетелдік бар.

"Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Израильдің сыртқы істер министрі Эли Коэнмен телефон арқылы сөйлесті. Министр Газа секторындағы қақтығыстың шиеленісуіне қатысты алаңдаушылық білдіріп, Қазақстанның ұстанымын айтты. Біздің министр Газа секторындағы қазақстандықтарды эвакуациялау ең маңызды екенін мәлімдеді", – деді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.



11 қарашада Палестина мәселесі бойынша араб мемлекеттері лигасы мен ислам ынтымақтастығы ұйымының кезектен тыс бірлескен саммиті өтті. Оған Қазақстан да қатысты. Мысыр, Иордания және Израильдегі Қазақстан елшіліктерінің көмегімен Газа секторынан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау процесі басталды.

Эвакуацияланғандар қатарында Қазақстаннан бөлек тағы тоғыз елдің өкілдері бар. Бұл – Марокко, Иордания, Ресей, Испания, Швеция, Перу, Нидерланды, Ұлыбритания және АҚШ.

“Бүгінгі таңда Рафах арқылы барлығы 594 адамды эвакуациялау жоспарлануда, оның ішінде 44 азаматымыз бар. Қазақстандықтар бақылау-өткізу бекетінен өткеннен кейін жерүсті көлігімен Каир қаласына жеткізіліп, қонақүйге орналастырылады. Барлық құжаттары тексерілгеннен кейін олар Қазақстанға жіберіледі", – деді Смадияров.

Бұған дейін сыртқы істер министрлігі қазір Газа секторында қанша қазақстандық бар екенін мәлімдеген еді.

Талқылау