"Гайморит, пневмония емес": Ербаян Мұхтардың анасы Ұлттық ұлан басшылығының мәлімдемесіне жауап берді
6 ай бойы комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтардың анасы Ұлттық ұлан басшысы мен мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидің мәлімдемесімен келіспейтінін айтты. Гүлсім Қамиева тіпті дәрігерлердің ұлына қойған диагнозымен де келіспейтінін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Orda.kz
13 қыркүйекте Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары Қайрат Үмбетов Ербаян Мұхтардың жарақаты соққыдан емес, құлау салдарынан болғанын айтты. Әскери бөлім бастығының айтуынша, сарбаздың ауыр халіне инфекция себеп болған. Емдеу кезінде сарбаз пневмония мен гайморитке шалдыққан.
Алайда Қамиева ұлының иммунитеті күшті екенін айтты. Сондай-ақ емделу кезінде оның жағдайы нашарлағанына сенбейтінін жеткізді.
"Қайрат Үмбетов өз диагнозын қойды, алайда біз онымен келіспейміз. Әркімнің диагноз қоюын дұрыс деп санамаймын. Үмбетов гайморит, пневмония, өкпеде ірің болды дейді... Бірақ онымен келіспеймін. Балам әскерге дейін ауырмаған, тек аллергия болған. Қазір барлығы қалаған диагнозын қойып, ойдан шығарып жатыр", – деді сарбаздың анасы.
Қамиева Ербаянға қатысты ”әскери немесе медицина өкілдерінің бірі әдейі ойлап тапқан теріс ақпарат” деген Ермұрат Бапидің мәлімдемесіне де жауап берді.
"Ол енді жасармайды. Оны алда не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Оның да балалары бар, мен оның сөздерін орынсыз деп санаймын. Мұндай сөздерді есту қиын болды. Осы сөзден кейін өзімді жаман сезіндім", – деді әйел.
Сондай-ақ әйел Қазақстан халқына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
"Халықтың жинаған ақшасының арқасында Ербаянды емдей аламыз деп сенемін. Ұлымның сауығып, бұрынғыдай бәрі жақсы болғанын қалаймын", – деді Қамиева.
Ербаянның әкесі Хамит Аймағанбетовтың сөзінше, соңғы екі күнде ұлының денесі құрысып қалған.
“Мамандардың айтуынша, бұл шалқасынан жатқан адамда кездесетін жағдай. Профессордан “неге бұлай” деп сұрадым. Профессор: “мұндай жағдай сіздің балаңызда ғана емес, осындай жарақат алған адамдардың барлығында болады” деді. Бірақ мұның бәрін дер кезінде емделіп, дәрі-дәрмек пен укол, система қабылдап қайтаруға болады. Ұлымның жағдайы жаман емес, бірақ кешегі құрысулардан кейін бәріне: әйеліме, қызыма, жаттығу терапиясын жүргізетін қызға Ербаянның суретін желіге салуға тыйым салдым. Себебі өмірде әртүрлі адамдар бар. Көзі тиіп кететін адамдар да болуы мүмкін. Сондықтан ұлымды сырт көзден сақтауымыз қажет деп ойлаймын”, – деді Аймағанбетов.
Ербаянның әкесі, ұлын Германиядан емдеп келген соң халық алдына көрсетуге уәде берді.
“Неліктен оның жағдайы туралы айтқымыз келмейді? Себебі ол қазірдің өзінде біршама жақсарып келеді. Ал бұл кейін балаға әсер етеді. Сондықтан оны суретке, видеоға түсіріп әлеуметтік желіде жариялауға қарсымын. Қазір оның жағдайы жақсырақ. Үш жастағы қарындасымен "су-ли-фа" ойнап, өз ойын жеткізе алады. Кешке қарай онымен сөйлесеміз. Ол көп нәрсені қолымен, көзімен түсіндіреді”, – деді Аймағанбетов.
Айта кетейік, Ербаян Мұхтар Ұлттық ұланның Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген. 2023 жылдың желтоқсанында сарбаз ми жарақатын алып, содан кейін комаға түскен. Әскерилер туыстарына Ербаянның дәретханада құлап, басын еденге соғып алғанын айтқан. Алайда сарбаздың жақындары ұлдарының абайсызда құлап қалғанына сенбейді. Ішкі істер министрлігі тергеу барысын өз бақылауына алды.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар 6 айдан астам комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтарға 140 миллион теңге жинап берген еді. 17 қыркүйекте Ербаянның әкесі ұлының алдағы уақытта Еуропаға емделуге аттанатыны туралы айтқан. Емдеуге шамамен 230 миллион теңге жиналды, бұл ақша оңалтудың алғашқы үш айына жетеді дейді.