Ғалымдар масаның неліктен кей адамдарды көбірек шағатынын анықтады
АҚШ-та ғалымдар масалардың кей адамдарды неліктен көбірек шағатынын анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ScienceAlert басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Зерттеуді Флорида халықаралық университетінің нейрогенетик Мэттью ДеДженнаро бастаған мамандар жүргізген. Ғалымдар Майамиден 119 еріктіні зерттеуге шақырып, әрқайсынан қолын ольфактометр деп аталатын, жәндіктердің иіске реакциясын анықтауға арналған ұзын түтікке салуды сұраған. Құрылғының екінші жағынан масалардың үш түрі жіберілген: сары безгек масасы, азиялық жолбарыс масасы және оңтүстік үй масасы.
Сары безгек масалары ер адамдарға көбірек қызығушылық танытқан. Ал қалған екі түрі ерлер мен әйелдердің қанын белсене сорған. Экспериментке қатысушылардың кейбірі масалардың белгілі бір түрлері үшін ерекше тартымды болған. Ал кей адамдар қан сорғыш жәндіктердің мүлде қызығушылығын тудырмаған.
Масаларға ерекше тартымды болған еріктілердің терісінен үш түрлі бактерия анықталған. Ол масалар сирек шаққан адамдарда кездеспеген. Бұл — Corynebacterium kefirresidentii, Cutibacterium granulosum және эпидермальды стафилококк.
Зерттеу авторларының пікірінше, масалар адамның терісінде осы бактерия түрлерінің болуына реакция білдіруі мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Ғалымдар отбасында нешінші болып туғаныңыз өміріңізге қалай әсер ететінін айтқаны туралы жазған едік.
