Футболдан Қазақстан құрамасы бас бапкерінің көмекшілері болып қазақстандық экс-футболшылар тағайындалды
Ұлттық құраманың бұрынғы ойыншылары Нұрбол Жұмасқалиев пен Елдос Ахметов бас бапкердің көмекшісі болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: коллаж instagram.com/kff_team
Нұрбол Жәрдемұлы – Қазақстан премьер лигасында ең көп ойын өткізген футболшы. 20 жылдан аса футболдық карьерасында ішкі чемпионатта 526 рет алаңға шыққан. Сондай-ақ Жұмасқалиев ҚПЛ-да ең көп гол соққан. Футболшының еншісінде 167 гол бар.
Жартылай қорғаушы 2001-2014 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғап, 58 матчқа қатысты.
2021-2023 жылдары Қазақстан жастар құрамасы бас бапкерінің көмекшісі болды.
Қазіргі уақытта Нұрбол Жұмасқалиев Қостанайдың "Тобыл" клубының бас бапкері қызметін атқарады.
Елдос Ахметов – Қазақстан премьер лигасының екі дүркін чемпионы. Қазақстан Кубогының және Суперкубогының иегері. Кәсіпқой мансабында ол “Тараз”, “Ертіс”, “Астана”, “Қайрат”, “Қайсар” және “Ақсу” футбол клубтарында ойнаған.
Футболшы 2012-2022 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсетті. 2024 жылы жастар құрамасының бас бапкерінің көмекшісі қызметін атқарып, ал сол жылдың қазан айында ұлттық құраманың бапкерлік штабына қосылды.
Айта кетейік, бұған дейін Әли Әлиевтің футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы қызметіне тағайындалғанын жазған едік.