Францияда мемлекеттік мектептерде оқушыларға мұсылман көйлектерін киюге тыйым салынды
Францияның мемлекеттік мектептерінде оқушыларға кейбір мұсылман әйелдер киетін жеңі ұзын әрі кең көйлерді киюге тыйым салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Францияда мемлекеттік мектептер мен үкіметтік ғимараттарда діни белгілерді көрсетуге қатаң тыйым салынды. Себебі бұл зайырлы заңдарды бұзады. 2004 жылдан бері француз мектептерінде орамал тағуға тыйым салынған.
"Сыныпқа кіргенде, оқушының діні келбетіне қарап анықталмау керек. Мен абаяны бұдан былай мектептерде киюге болмайды деп шештім", – деді Білім министрі Габриэль Аттал.
Францияда мұндай көйлектер мектептерде жиі киіледі. Деректерге сай кей азаматтар мұның саяси бөлінулерге әкеліп соғатынын айтады. Мәселен "оңшылдар" оған тыйым салуды жақтаса, "солшылдар" мұсылман әйелдері мен қыздарының құқықтарына алаңдаушылық білдіреді.
Білім министрлігі бірнеше айлық талқылаудан кейін тыйым салу туралы шешім қабылдады. Бұл тыйым елде жаңа оқу жылы басталғалы 4 қыркүйекте күшіне енеді.