FlyArystan ұшағында апаттық есікті ашып жіберген ер адамның қандай жаза арқалағаны белгілі болды
FlyArystan ұшағында апаттық есікті ашып жіберген ер адамның орташа мас күйде болғаны анықталып, 15 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Полиция дерегінше 23 желтоқсанда Алматы әуежайында Fly Arystan қызметкерлерінің өтініші бойынша Шымкент – Алматы рейсінің 29 жастағы жолаушысы ұсталған. Кейін медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, оның орташа дәрежеде мас болғаны анықталды.
“Оған қатысты бірден үш әкімшілік материал – ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігімен "Қоғамдық орындарға масаң күйде келу", 566-бабының 1-бөлігімен "Әрекет ету қағидаларын бұзу", 434-баптың 1-бөлігімен "Ұсақ бұзақылық" бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. 8 АЕК (27 600 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Ұсақ бұзақылық туралы іс әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі ауданаралық сотқа жолданды, ол 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады", – делінген хабарламада.
Еске салсақ, FlyArystan ұшағында жолаушы жерге қонғаннан кейін апаттық есікті ашып жібергені туралы хабарлаған едік.