Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Фермерлер шығынға батты: Түркістан облысында егін үсіп кетті

Түркістан облысының фермерлері биыл шығынға ұшырауы мүмкін. Екі күн бұрын оңтүстікте аяз болған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Түсірілімнен скриншот

Сайрам ауданында жеміс ағаштары мен көкөніс көшеттері үсіп қалған. Шаруалар егіннің көп бөлігі босқа қалғанын айтты. Енді жергілікті биліктен көмек сұрайды.

Ақсуабат ауылында жүздеген шаруа қожалықтары ауа райының қолайсыздығынан зардап шекті. Бірнеше күн бұрын болған аяз аймаққа әсер етті. Ауыл тұрғындарының айтуынша, температура -3-ке дейін төмендеген. Ауыл тұрғындары түнде от жағып болашақ егінді құтқаруға тырысқанымен, нәтижесіз. Олар өнімнің 80%-на дейін жоғалтты.

“Қарызға батып кеттік. Миллионнан астам тыңайтқыш қажет болды. Миллионға тұқым сатып алдық, суаруға ақша кетеді. Картоптың барлығы дерлік қатып қалды. Егіннің шамамен 15-20%-ы ғана қалды”, – деді шаруа қожалығының иесі Жавланбек Әбубәкіров. 

Фермерлердің көпшілігінде форс-мажорлық сақтандыру жоқ. Енді олар залалдың бір бөлігін өтеуге көмектесу үшін жергілікті билік органдарынан қаржылық қолдау сұрауға мәжбүр. Бұл маусымда жергілікті картоп қымбаттауы мүмкін, оны негізінен ішкі нарық қамтамасыз етеді.

“Баға өткен жылмен салыстырғанда жоғары болады. Үкімет Пәкістаннан немесе Орта Азиядан картоп импорттауды қолға алатын шығар. Бірақ бұл мәселені шешпейді. Қаржылық жағдайымызға әсер етеді. Іс жүзінде бұл аймақ бүкіл Қазақстанды картоппен қамтамамыз ете алатын еді. Енді мұндай мүмкіндік жоқ”, – деді шаруа қожалығының иесі Рустамбек Абдурасулов. 

Бейінді басқарма өңірде ауыл шаруашылығы өнімдері бар қанша жер аяздан зардап шеккенін білмейді. Аудандардан залал туралы деректер әлі түспеген. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы айтты. Тұрғанбек Оспанов қолайсыз ауа райынан зардап шеккен фермерлерге мемлекет өтемақы қарастырмағанын айтты. Шенеуніктер мәселені шешуге көмектесе алмайды.

“Бұл төтенше жағдай емес. Тек төтенше жағдайда ғана мемлекеттен өтемақы қарастырылған. Ал бұл жағдайда ақшаны тек сақтандыру компаниясы төлейді. Ауа райы нөлден, нөлден төмен болды. Бұл туралы алдын ала хабарланды, сондықтан көптеген адамдар өз алқаптарын жауып үлгерді”, – деп мәлімдеді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов.

Зардап шеккен фермерлер бірігіп, облыс әкімінен көмек сұрауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы министрлігі шығын көлемін анықтай бастады.

Түркістан облысында ауа райы тағы да суиды. Синоптиктердің айтуынша, аяз аймақтың солтүстігінде және оның таулы аймақтарында болады.

Талқылау