Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ әйелдерінің атына кір келтірді": Әйелдер шеруінің қазақ қоғамында қандай маңызы бар?

8 Наурыз Халықаралық әйелдер күнінде еліміздің тарихында алғаш рет феминистер мен әйелдер шеруі өтті. Әйелдер маршы Алматы және Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырлған. Келісілген шеруді ұйымдастыруға Feminita, "ҚазФем", "Фемсреда", "SVET" қоғамдық қоры және FemAgora атсалысты.  Шерушілердің талаптары феминизмді насихаттау мен әйелдер құқығы үшін күрес болды. Алайда шарада көтерілген лозунгтар қоғам белсенділерінің бір сыпырасының наразылығын туғызды. Мұндай әрекет қазақ қоғамына, құндылықтарға тән емес, дейді белсенділер. Stan.kz тілшісі қоғам белсенділерінен марштың ұлттық құндылықтарға әсері мен шеруді ұйымдастырушылардан шараның негізгі мақсатын сұрады.

Қазақ әйелдерінің атына кір келтірді

Журналист, продюсер Ертай Нүсіпжанов Алматыда өткен шеруді қазақ әйелдерінің ұлттық болмысымен еш байланыстыруға болмайды деп санайды.

"Меніңше, әйелдерді өз мүмкіндіктерінен шектеуге қоғамда ешкім бастамашыл болып жүрген жоқ. Қазақ әйелдері - ежелден-ақ толыққанды бостандық иесі. Қазақ отбасындағы әйел - шаңырақтың ұйытқысы. Олар қазір қандай да бір саяси немесе жаппай отбасылық қысым көріп жүр деп айта алмаймын. Керісінше, бізде әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту механизмдері кеңінен қарастырылған. Қазақстандағы гендерлік теңдік стратегиясы да ретімен жүзеге асырылуда.

Иә, қоғамдағы әйел мүмкіндіктеріне қатысты жекелеген мәселелер жоқ емес. Отбасындағы кейбір зорлық-зомбылық, мәжбүрлі некелесу сияқты олардың еркі мен құқықтарын шектейтін факторлар бар. Бірақ бұл бүкіл қазақ әйелдері қорлықта өмір сүріп жатыр деп аттандауға негіз емес", - дейді ол.

Айтуынша, бүгінгі қазақ әйелдерінің қоғамдағы мәртебесі - қазақтың көшпелі заманнан қалыптасқан отбасы тәрбиесінің дұрыс жағдайда қалыптасқанының айғағы. 

"Ал енді 8 наурыз күні Алматыда өткен шеруді қазақ әйелдерінің ұлттық болмысымен еш байланыстыруға болмайды. Бұл аты да, заты да бөтен құбылыс.

Қазақ әйелдерінің құқығын қорғаймыз деген сол ұйымдардың атауына мән бердіңіз бе? Бір де біреуінің ұлттық сипаты жоқ. Плакаттағы жазуларының өзі тұрпайы. Аты қазақша болғанымен, өте сәтсіз жазылған аудармалар. Олардың идеологиясы бөлек. Арасынан “Қызға қырық үйден бостандық” деген жазуды оқып қалдым. Олар сол қазақтың отбасылық тәрбиесіндегі “қырық тыйымның” негізінде ұлттығымызды сақтап отырғанын біледі ғой дейсіз бе?! “Өз ойыңды айту ұят емес” деп жазып алыпты. Бұл не деген сөз?! Не айтқысы келді? Қазақта ой айту - ұят дегенді кім шығарып жүр? 

Дұрыс, отбасылық зорлыққа барша қарсы! Әйел теңдігі, әйел мүмкіндігін кеңейту дегендерді қолдаймыз. Бірақ, қазақы түсініктен жұрдай бұл топ бір мәселені айтамыз деп бүкіл бір ұлттың намысына тиетін әрекетке барып отыр. Сол арқылы қазақ әйелдерінің атына кір келтірді деп санаймын. Мұндай ұйымдардың артында ұлт тамырына балта шапқысы келген “қой терісін жамылған” теріс пиғылдылар тұруы әбден мүмкін. Сол себепті ұлт тұтастығына қауіп тудыратын осындай шараларға ұрынбауымыз керек", - дейді журналист.

 

Шеру  - ұлттық құндылықтарға бағытталған алғашқы соққы

Саясаттанушы, қоғам белсендісі Самат Нұртаза Алматы қаласындағы және басқа қалаларда болып өткен шерулерге қарсы екенін жеткізді. Оның себебі бұл қазаққа жат құбылыс деп есептейді. 

"Мұндай шерулерді қолдамаймын. Олар - қазақи дәстүрге жат нәрсе. Қазақтың қызы, әйелі, әжесі ешқашан мұндай болмаған. "Менің жатырым - менің шаруам" деген анайы сөз. Қазақ әйелі деген үлгі ретінде біздің аналарымыз, әжелеріміздің буынын айта аламын. Олар ешқашан әке, аталардың алдын аттап, сенің шаруаң болмасын деген нәрсені айтпақ түгіл, көзіне тік қарай алмай, сыйлап өткен. Кешегі болған шара - жаһанданудың кемшіліктері. Оған төтеп беру үшін идеология дұрыс болуы қажет. Бізде оған жауап беретін мінберде отырған адамдар бар. Кеше осы кісілер әлі де жұмыс істеу керек екенін ойланған болар", - дейді ол. 

Айтуынша, осы жолғы шеруде адам көп болуының себебі тек қана әйелдің құқығын қорғау, деңгейін көтеруге шақырғандар ғана емес, ЛГБТ өкілдері, белсенділер, оппозиция өкілдері қосылып кетуі мүмкін.

"Сонымен қатар мемлекетке қарсы сөздер де айтылып жатты. Демек мұны тек бірыңғай топтың шеруі деп айтуға болмайды. Әртүрлі себептермен ашынған адамның жиналған шеруі деп есептеймін. Мен де әйелдерге қарсы зорлық-зомбылыққа қарсымын. Алайда Алматыдағы әйелдер маршы қысым көрген әйелдерге қарағанда феминистердің қозғалысы болған сияқты. Күйеуі мен әйелі тең бола алмайды, олардың міндеттері әртүрлі. Бүгінгі шеру  - ұлттық құндылықтарға бағытталған алғашқы соққы. Шерудегі қыздар батыстық менталитетке бет бұрғандар", - дейді Самат Нұртаза.  

 

Мақсатымыз - 8 Наурыздың тарихи мағынасына үңілу, назар аударту еді

Маршты ұйымдастырушылардың бірі,  "Феминита" қазақстандық феминистік бастамасының негізін қалаушы Жанар Секербаеваның айтуынша, шеруге адамдар жан-жақтан келген. Олардың қатарында тек әйелдер ғана емес, ерлер, жеткіншектер де болған. Марштың мақсаты мейрамның тарихи мағынасын ашу болды, дейді ол.

"Маршқа қатысушылардың саны 500 - 1000 адамның айналасын құраған. Бұл - БАҚ есептеген көрсеткіш. Аталған шара - отандық әйелдер, феминистердің алғашқы 8 Наурыз маршы, адам саны өте көп қатысушы жиналған тарихи шара болды. Қатысушылардың барлығына алғысымды білдіргім келеді. Олар арнайы осы шеру үшін жан-жақтан келді. Барлығы саппен қозғалып, дүкенге кіріп кетпей, марштың не екенін толықтай түсініп, жүріп өтті. Қалың ел сахнада сөйлегендерді тыңдап, оларға алғысын білдірді. Резолюцияны оқып, митинг аяқталуға аз қалғанда адамдар хормен дауыстап рахмет айтып жатты", - дейді ол.

Белсенді ұйымдастырушылар негізгі мақсатына жеткенін айтады. Бұл - 8 Наурыздың тарихи мағынасына үңілу, назар аударту, дейді белсенді. Шеру ұйымдастырушылар ретінде "Феминита", "Казфем" ұйымдары атсалысқан.

"Көбі Халықаралық әйелдер күні екенін білсе де, шын мәнінде оның астарында не жатқанын біле бермейді. Бұл әйелдер құқығы үшін күрес, олар әлі де күресіп келеді, себебі ол әлі аяқталған жоқ. Олардың қатарында белсенділер, зерттеушілер, құқық қорғау органдары өкілдері, мұғалімдер, лесби, бисексуал, трансгендерлердің құқығын қорғайтын әйелдер бар.

Осы жылы әкімдік 8 Наурыздағы марштың өтуіне рұқсат берді. Қауіпсізідікті және қажетті құрал-жабдықтарды қамтамасыз етті. Қатысушылар арасында әйелдер, ерлерді де, жасөспірімдерді, егде жастағы адамдарды көруге болатын еді. Біз мақсатымызға жеттік деп ойлаймын. Көбі Халықаралық әйелдер күні екенін білсе де, шын мәнінде оның астарында не жатқанын біле бермейді. Бұл әйелдер құқығы үшін күрес, олар әлі де күресіп келеді, себебі ол әлі аяқталған жоқ", - дейді Жанар Секербаева. 

Белсенді "әйелдер шеруі - қазақ құндылықтары мен мәдениетіне жасалған соққы" деген пікірмен келіспейтінін жеткізді.

"Қазақ мәдениетін танытып жатқаныма сенімдімін. Ал "хейтерлер" (қарсылық танытушылар- ред.) өздерінің наразылықтарын білдіру үшін шеруге де келе алмады. Мен қазақпын, маған қазақ мәдениетіне қауіп төндіресің деп айтқандардан нақты қандай қауіп көріп тұрғандарын сұрағым келеді. Қазақ мәдениеті өзінен басқаға наразы адамдарға ғана тиесілі емес. Бұл - менің де мәдениетім, ата-анамның, апа-аталарымның мәдениеті. Олар мені мақтаныш тұтар еді деп ойлаймын.

Түрлі пікір білдіретін адамдар бойында қорқыныш бар. Алайда мұны мойындау үшін батылдық керек. Олар бізбен халық алдында сөйлесуге қорқады. Ал біз өз кезегінде ашық сөйлесуге дайынбыз. Егер бізді тыңдаса, біз де оларды тыңдауға дайынбыз. Қазақстандағы жағдайды өзгертіп жатқан белсенділерге қарсы айтқан пікірлерін айғақ, дәлелдермен білдіргенін қалаймын. Әр қазақстандық өз мәдениетін сезініп, оны қалай қабылдайды, солай білдіруге толық құқысы бар", - дейді Жанар Секербаева.

 

"Парасатты, дана әйел ит жылғы көйлегін жамап киіп, жарқырап жүреді"

Желі белсендісі, медиатренер Назгүл Қожабек біздің қоғамда әйелге таңылатын ең жауыз да қауіпті стереотип - парасатты, дана әйел образы, дейді. 

"Парасатты, дана әйел күйеуінен таяқ жейтінін ешкімге білдірмейді. Парасатты, дана әйел бір күн аш, бір күн тоқ екенін сыртқа білдірмей, барға қанағат етіп жүре береді. Парасатты, дана әйел күйеуінің, барған жерінің үлкендерінің ығына жығылып, арманын, мақсатын тәрк етеді. Отбасының ғана қамы үшін білімі мен білігін жиып қояды. Парасатты, дана әйел ит жылғы көйлегін жамап киіп, жарқырап жүреді. Парасатты, дана әйел күйеуінің жүрісіне көз жұма қарайды, "ат айналып қазығын табады, қайда кетер дейсің" деп көнеді. Парасатты, дана әйел тіпті күндесінің көзін тырнап, шашын жұлуға ұмтылмайды, іштен тынады. Дана ғой, сабырмен жеңуі керек. Парасатты, дана әйел күйеуінің тоқал алам дегеніне қарсы болмайды. Ал ең дана әйел күйеуіне тоқалды өзі таңдап әпереді. Парасатты, дана әйел күйеуін қызғанбайды. Парасатты, дана әйел күйеуі тастап кеткен балаларын тістеніп жүріп жеткізеді. Кейін немерелерінің ортасында парасатты, дана әже болып "марқайып" отырады", - деп пікір білдірген.

Алайда, осы әйелдің "даналықпен" өткен жастығын, әз ғұмырын ешкім жоқтамайды, дейді ол.

"Оның арманын ешкім іздемейді. Оның даналықтың құрбаны болған жүйкесі мен денсаулығын ешкім өтемейді. Алла әйелдерден даналық емес, жан тыныштығын күтетін қоғам бұйырсын", - дейді Назгүл Қожабек. 

Танымал тележүргізуші Мадина Балғабаева ЛГБТ мен феминизм екі түрлі нәрсе екенін айтады.

Әлеуметтік желіде пікір білдірген журналист әр әйел өзінің жыныстық табиғатына сәйкес болуы керек дегенді алға тартады.

"Кеше Алматының көшелеріне шыққан мыңдаған еркек шора қыздарды көріп, түнімен ұйқы болмады. Бұл өте қауіпті белгі. Еркек өз табиғатына сай сұстылық пен сесті, ал әйел нәзіктік пен мейірімді жоғалтып алмағаны абзал", - деп жазды ол.


 

“Әйелдер құқығы” мен “Жатыр құқығын” араластырмаған жөн

Заңгер Айгүл Орынбек әйел құқығын қорғап жүргенін, "әйел адамның қоғамдағы рөлі, жатыр ережелерінен емес, әйелді саналы түрде қорғау ережелерінен тұру керектігін айтады.

"Тұрмыстық зорлық-зомбылық, көбінесе әлеуметтік жағдайдан туындап жатады. Қандай әйел зорлық-зомбылық көреді?

Өз отбасында әке мейірімін, аға қамқорлығын көрмеген қыздар көбінесе зорлық-зомбылыққа ұшырап жатады. Қыз баланың рөлін қазақ халқы ежелден төрде ұстаған. Қазіргі таңда қыз баланың төрдегі орнын, өз отбасындағы әкесі, ағасы төмен түсіріп тастаған. Өз қызын зорлаған әкелерді, өз туған қарындасын қорлаған ағаларды көріп те, естіп те жүрміз. Бұл жабық есік артында талқыланатын дүние емес! “Ұят болады”, “Үндеме”, “Қыздығың орнына келмейді” деген сөздерді қою керек!

Сондықтан болар қазақ әйелдерінің соңғы кезде құқықтары қатты тапталып жатқандығы. Оған қоса теріс діни ағымдағылар, әйелдер білім алмау керек, үйде отыру керек деген шектеулер де, қазақ әйелдеріне деген қысымды үдетуде", - дейді ол.

Заңгер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында "қыз баланың ары - бүкіл бір ұлттың айнасы" деп жазды.

"Ол үшін отбасындағы қыз баланың рөлін жақсылап насихаттау керек. Қыз балаға ұрпақ жалғастырушы ретінде ғана емес, текті ұрпақты дүниеге әкелетін білімді болашақ Ана ретінде қарау керек! Болашақ ұрпақ “Өз жатырым, өз ережелерім” деп жүретін болса, жатырдың түрі көп, қағынған жатырдың не істейтінін тіпті ойлау жиркенішті. Қазақ қыздарының абыройын көтеретін, қазақ жігіттері, өз қыздарымызды өздері былғап, оларды өзге ұлттардың астына салып беріп жатқандар да бар. Оны мойындаған да ерлік! Жатыры былғанғандар осылай өз ережелерін “диктовать” ете бастайды. Сол себепті қоғамдағы әйел адамның құқығын төмендете бермей, өз деңгейін де құрметтей білу керек! “Жатырым жатырды қалап тұр” - деген ережеге мен қарсымын! Бұл біздің менталитетке қарсы! Бұл - әйел құқығы емес, бұл - бір әйелдің нәпсі сұранысы. Өмірде қалаған дүниенің бәрі орындалмайды", - дейді ол.

Талқылау