"Федерация мен құрама бұл ақшаға лайықты емес": "Қайыр тілеуден" бас тартқан Бибісара Асаубаева өтірік детекторынан өтуге әзір екенін мәлімдеді
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваның шахмат федерациясы туралы жазбасына қатысты гроссмейстер Жансая Әбдімәлік кездесуге қатысқан шахматшы ретінде пікір білдіріп, әлеуметтік желіде тараған ақпараттың жалған екенін мәлімдеді. Көп ұзамай Бибісара Асаубаева жазба жариялап, федерация басшылығымен бірге өтірік детекторынан өтуге әзір екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жансая Әбдімәліктің сөзінше, Бибісара кездесу кезінде айтылған ақпаратты шатастырып алуы мүмкін екен. Ол кездесуге қатысқан шахматы ретінде өз нұсқасын айтты.
"Бұл – біздің ішкі мәселеміз, дегенмен сол кездесуге қатысқан адам ретінде мұның жалған екенін айтқым келеді. Ол кезде 3 миллиард теңге туралы әңгіме болған жоқ. Біз Өзбекстан шахмат федерациясын мысалға келтірдік, оларға жыл сайын 3 миллион доллар бөлінетінін айттық. Өзбекстан президенті 2025 жылға дейінгі жеке жол картасына қол қойды. Біз мұны мысалға келтіре отырып, осындай қолдаудың арқасында Өзбекстан қазір әлемдік рейтингте 19-орында, ал Қазақстан 37- орында екенін қосып өттік. Бәлкім, Бибісара бірдеңені шатастырып алған шығар, кей тұстарын мұқият тыңдамаған шығар. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды", – деді Жансая Әбдімәлік.
Көп ұзамай Бибісара Facebook парақшасында жазба жариялап, Жансая Әбдімәліктің мәлімдемесіне жауап берді.
"Мен өз айналамда олимпиадалық жаттығу процессіне кедергі келтіретін шу тудырғым келген жоқ. Тек өзімнің гроссмейстер, есте сақтау қабілеті жақсы спортшы екенімді қосып өткім келеді. Мен еш уақытта ешнәрсені шатастырмаймын. Спорт министрі айтқандай, эмоцияға еріп қадам жасамаймын. Мен Қазақстан мен Өзбекстанды, олардың федерациясын шатастырған жоқпын. Сондай-ақ мен доллардың АҚШ валютасы екенін, тәуелсіздігі мен өз валютасы бар елдің бюджетін мұнымен анықтау орынсыз екенін де білемін. Әрі осындай орынсыз әрекетті Қазақстанның жүрегі – Ақордада жасамаймын", – деп жазды Бибісара.
Шахматшының сөзінше, федерация басшысы Ғалым Құсайынов президенттен сұрамақ болған 3 миллиард теңге үлкен сома және бұл ақшаны алуға құрама мен федерация лайықты емес екен.
"Мен – өз қаржым өзіме жеткілікті, жеке табыс пен бос мақтау іздемейтін спортшымын. Шахмат мені өзгенің және өз уақытымды бағалауға үйретті, уақыттан маңызды зат жоқ. Сондықтан бос өтінішпен мемлекет президентінің уақытын, ал бюджеттен ақша алу этикаға қайшы. Мені ешкім көндіре алмайды. Президентпен кездесер алдында БАҚ алдына шығып, қудалаудан қорықпай шындықты айттым. Егер кей тұлғалар өздерін "қорланғандай" сезінсе, өз аттарын сотта қорғасын.
Өтіріктің мәселесіне қайта оралайық. Жаттығу кезінде бос уақыт тауып, полиграфта тексеруден өтуге дайынмын. Құсайынов пен Садуақасов мырзалар менімен бірге өтірік детекторынан өтетін уақыт пен орынды таңдасын. Үшеуміз үшін де ақысын мен төлей аламын. Ал қазір маған Олимпиадаға дайындалуға мұрсат беріңіздер", – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Қазақстан шахмат федерациясының президенті Ғалым Құсайынов пен оның орынбасары Дәрмен Сәдуақасовтың ұйымға ақша сұрату үшін спортшыларды Президент Әкімшілігіне алып келгенін айтып, мәлімдеме жасаған еді.