Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұрын жүрегі ауырып жүргені есімде": Фархат Әбдірайымов туралы әріптестері естеліктерімен бөлісті

Бүгін қазақстандық танымал актер Фархат Әбдірайымов өмірден озды. Грузияда “Больше, чем любовь” фильмінде түсіп жатқан ол күні кеше желіде түсірілім алаңынан суреттер жариялаған. Бірақ таңда актердің жүрегі тоқтап, қайтыс болды деген суық хабар келді. Stan.kz тілшісі актердің көзі тірісінде жақын араласқан, дәм-тұздас болған достары мен әріптестерінен естелік сұрады. 

Қазақстандық танымал кинорежиссер Рүстем Әбдірашев марқұммен екі-үш күн бұрын ғана сөйлескендерін айтады. 

“Оны режиссер Абай Қарпықов “Фара” деген фильміне өзі алып келіп, сонда басты рөлді сомдаған еді. Содан бері жолы ашылып, қазақ киносына үлкен үлес қосып, ТМД елдерінің фильмдерінде түсіп жүрген талантты актер еді. Шаттыққа толы тіршілік жасаған адам. Өмірге деген құштарлығы мол болатын. Жақында Грузияда Қазақстанмен бірігіп америкалық комедияда түсіп жатқан. Осыдан екі-үш күн бұрын түсірілімдегі суреттерін жіберіп, әзіл-қалжыңдасып сөйлескен едік. Елдегі таныстарына сәлем жолдап, көңілді отырды.

Қайтқаны туралы хабарды бүгін түнде естідік. Тбилисиде түнгі екіде, біздің сағатпен таңғы бесте жүрегі тоқтапты. Туған-туысқанына көңіл айтамыз. Бекем болсын!”, – дейді ол. 

Рүстем Әбдірашев бақилық болған актердің денесі бүгін түнде ұшақпен жеткізілетінін айтып қалды. 

“Бұған дейін жүрегіне байланысты ма, әйтеуір, ауырғаны есімде. Бірақ денсаулығына байланысты көп шағымданбайтын. Осылай болады деп ешкім ойлаған жоқ. Кенеттен кетіп отыр. Ертең жерлеуіне байланысты жігіттермен ақылдасып жатырмыз. Бүгін түнде Грузиядан денесі елге келеді”, – дейді кинорежиссер. 

Қазақстандық танымал каскадер-актер Ерден Телемісов Фархат  Әбдірайымов қиын сәтте жанымнан табылған нағыз дос еді дейді. 

“Фархатты 2008 жылдан бері танимын. Алғашында менен үлкен болғандықтан “Фархад аға” деп айттым. Сонда “мені аға демей, жай ғана Фара дей бер” дегенде таңқалдым. Сол кезден бастап араласамыз. Соңғы жылдары туған аға-бауырдай болып кеттік. Хабарласып, желіде жазысып, хәл сұрасып тұрамыз. Фара өте тамаша кісі еді … “, – деген ол өлді деп айтуға аузы бармайтынын айтады.

Ерден Телемисов оның өз қатарластарынан көрі, жастармен көбірек араласқанын  еске алды. 

“Ол адаммен достаса білетін. 55 жасқа келгеніне қарамастан көңілі жас еді. Ол көбіне өзінен әлдеқайда жас адамдармен араласты. Өзінен үлкен кісілермен араласу қызық емес деп айтатын. Жастармен араласуға үнемі құлықты еді. Әрқашан әзіл-қалжың айтып, көңілді жүретін. Мен өзім де көңілді адаммын, бірақ кейде салым суға кеткенде Фара әрқашан “мұның бәрі түк емес, өзіңді сақта, ұсақ түйекке жүйкеңді тоздырма” деп жұбатқанда әлдеқайда жеңілдеп қалатынмын. Әріптесі Санжар Мәдиев желідегі жазбасына “Фара Алматының символы еді” деп жазды. Сөзінің жаны бар. Ол – біздің қаламыздың символы. Фара – киномыздың символы”, – деп сөзін түйді ол. 

Фархат Әбдірайымовпен “Сказ о розовом зайце” фильмінде бірге ойнаған танымал актер Әнуар Нұрпейісов қалың қазаққа көңіл айтады. 

“Фархатты 2009 жылдан бері танимын. Өте аққөңіл, әрқашан позитивті жүретін адам еді. Оның жабырқау көңіл-күйде жүргенін көрмеппін. Камера алдында немесе киноға түсер алдында қобалжып тұрсам, әрқашан қолдауын аямайтын еді. Жүрген жерінде ерекше болмысымен, ақжарқын мінезімен және еркін харизмасымен өзгешеленетін. Түрлі оқиғаларды айтып, жүрген жерін күлгіге қарқ қылатын. Кез келген адамға көмек қолын созуға дайын тұратын. Менің жүрегімде күлімсіреген, өте жанашыр адам ретінде қалады”, – дейді актер Әнуар Нұрпейісов.

Сондай -ақ актердің таныстары мен өнердегі достары желідегі парақшаларында қимастық жазба қалдырып жатыр. Қазақстандық политолог Досым Сәтбаев парақшасында қазақ кинематографиясы үшін үлкен қаза деп жазды. 

“Тағы бір қайғылы жаңалық! Фархат қайтыс болды! Ол небәрі 56 жаста еді! Керемет адам мен тамаша актерден айырылып қалдық! Онымен кездесіп, сөйлесудің өзі бір ғанибет еді! Өйткені, ол өмірді жақсы көрді және оптимист болды! Қазақ кинематографиясы үшін үлкен қаза! Қош бол, Фара! Оның туыстарына, достарына, және осы ғажап адамды білетін, бағалайтын, жылы жүрегі бар барлық адамдарға көңіл айтамын! Иманды болсын!”, – деп көңіл айтты Досым Сәтбаев. 

 

Талқылау