Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ет асып қойдыңыздар ма?": Қаскелең әкімінің жауабы жанайқайын айтып келген тұрғындарды састырды

Алматының іргесіндегі Қаскелең қаласы тұрғындары өздерінің жолсыз батпаққа малынып жүргендерін және жарыққа жарымай отырғандарын айтып қалалық әкімдікке барды. Тұрғындардың жанайқайын Stan.kz тілшісі де тыңдап қайтты. 

Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы Бөктер көшесінің тұрғындары өткен ғасырда өмір сүріп жатқандай күй кешіп жүргендерін айтады. 

"Қалада тұрамыз деп айтудың өзі ұят. Көшемізде жол болмағандықтан, батпаққа малынып жүрміз. Жаңбырлы күндері тіпті, су кешіп жүреміз. Балалардың сабаққа барып-келуі де қиын. Қасымыздағы "Сарыаарқа", "Құлагер" сынды көшелерге толықтай асфальт жасалған. Ал бізге мұндай жағдай жасалмай отыр. Сонымен қатар, көшемізде жарық та жоқ. Жарықсыз ойдым-ойдым жолдармен оқушылар тұрмақ, ересек адамдардың өзіне жүру қауіпті", – дейді Бөктер көшесінің тұрғыны Нұрсұлу Есетова.

Жергілікті жұртты толғандыратын мәселе мұнымен бітпейді. Жарықпен қамтамасыз етілгенімен, оның сапасы мәз емес. Бөктер көшесіне жарық беріп отырған "Bey Azh Ttrans" ЖШС-ның жұмысына тұрғындардың көңілі толмайды. 

"Жарық мәселесі қаншама жылдан бері шешімін таппай келеді.  Жарық қуатының күші 220 вольт тұрмақ, 140 вольтқа да жетпейді. Тіпті, сенбі, жексенбі күндері тұрмыстық техникаларды пайдаланудың өзі мұң. Тіпті қыс кезінде жарық арқылы қосылатын үй жылытатын пештеріміздің өшіп қалатын кездері де болады", – дейді Дәулет Мәткерімұлы. 

Дамыған 30 елдің қатарына кірген елімізде ауыл емес, қала көшелері жағдайының осындай деңгейде болғаны ашындырады дейді жиналғандар. Сонымен қатар, халық үніне құлақ асатын мемлекетте өмір сүріп жатқан тұрғындар жергілікті әкімнің қаладағы маңызды мәселелердің кейбірінен мүлде бейхабар екендігі қынжылтатынын тілге тиек етті.

Қала басшысы жиылған жұртпен әкімдіктің алдына шығып жүздесті .

“Қаскелең қаласындағы Бөктер атты екі бірдей көшені асфальттау бүгін-ертең жүзеге асады деп айта алмаймын. Бұл жұмыстарды атқаруға биылғы жылы бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Келесі жылдың жоспарына енгізіп көреміз. Бірақ екі көшеге де әзірге тас төсеп, ретке келтіріп береміз. 

Жарық күшінің төмендігі туралы енді ғана естіп тұрмын. Бұл мәселемен таныс емеспін. Дегенмен, шешу жолдарын қарастырамыз. Ал жолды биылғы жылы жарықпен қамтамасыз етеміз. Бұл бағытта жұмыстар басталды, – деп қысқа қайырды Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев. 

Әкімге мұң-мұқтажын айтып қана қоймай, көшеге келіп, өз көзімен көріп қайтуын сұрағанда: "Ет асып қойдыңыздар ма?" деп әзілге айналдырған Асқар Мұқашевтың бұл сөзі тұрғындарға аса ұнай қоймады. 

"Шешінген судан тайынбас" демекші, қала әкімінің кездесу барысында берген жауабына қанағаттанбаған Бөктер көшесінің тұрғындары енді өз мәселелерін Қарасай ауданы әкіміне барып жеткізбек. 

Талқылау