Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Ескі Қазақстан, Жаңа Қазақстан деп бөлмейміз”: Қаржы министрі бұдан былай делдалдар ақшаны шетелге шығара алмайтынын мәлімдеді

Бұдан былай делдалдар Қазақстаннан заңсыз ақша шығара алмайды. Бұл жөнінде қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты. Министр палата мақұлдаған заң жобасы шеңберінде капиталды заңсыз иемденуге тосқауыл қойылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: primeminister.kz

Мәжіліс кулуарында Жамаубаев журналистерге парламент мақұлдаған заң жобасын түсіндіріп берді. Министр сөзінше, қазіргі уақытта капиталды заңсыз иемдену немесе сыртқа шығаруға қатысты кешенді түрде жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

“Соның аясында маңызды мәселе – трансферттік баға белгілеуді бақылау. Осы заң шеңберінде біз қосымша делдалдардың пайда болуына шектеу қоямыз, мұндай делдалдар көп жағдайда шетелде құрылады. Яғни бізден шығарылған, әсіресе шикізаттық тауарларды олар төмендетілген бағада шығарып, сыртқа жоғары бағамен сатып, ортасындағы табысты өздері қалтасына салып отырған. Біз осындай фактілерді салықтық тексерулер кезінде әшкереледік. Соңғы бір жылда осы заң жобасымен бизнеспен, құзыретті органдармен талқылап, Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды. Заң аясында республикалық бюджетке 50 миллиардтан 100 миллиард теңгеге дейін қосымша қаражат түседі деп болжап отырмыз”,- деп түсіндірді министр. 

Ерұлан Жамубаев заң сақталса, қаржы министрлігі немесе мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан ешқандай қудалау болмайтынын айтты. Министр тілшілердің пайда көрген ұйымдардың атын атап беруіне қатысты сұраққа да жауап берді. 

“Пайда көрген ұйымдардың атауы бар. Біз салық саласындағы құпия нормасы аясында ол компанияларды атай алмаймыз. Себебі олар өздерінің айыппұлдарын толықтай төледі. Егер олардың атын жарияласақ, осы компаниялардың беделіне нұқсан келеді. Ол компаниялар халықаралық дәрежеде жұмыс істеп жүр", — деп жауап берді Ерұлан Жамаубаев.

Министрден журналистер "Ол тізімде ескі Қазақстанның өкілдері бар ма?" деп сұрақты нақтылады.   

Жамубаев ол компанияларды “Ескі Қазақстан, Жаңа Қазақстан” деп бөлмейтінін айтты.

“Бұл өзіміздің Қазақстанда жұмыс істеп отырған компаниялар. Олар компаниялар сыртқы трейдерлермен қарым-қатынаста трансферттік баға белгілеу кезінде айырмашылық болған. Мұндай әрекетке қолданыстағы заң мүмкіндік берген, ал енді жаңа заң бойынша осы іс-қимылдар шектеледі”, - деді Ерұлан Жамаубаев.

Айта кетейік бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлдады.

Талқылау