Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екеуі ғана қайтарды, қалғаны қайда": Ермұрат Бәпи олигархтардың қайтарылған активтерін сұрады

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи ел қазынасының жартысын иеленіп алған олигархаттан қайтарылуы тиіс активтердің қайда кеткенін сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Haberler басылымына хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Депутат мемлекет қазынасына соңғы екі жылда 2 триллион теңге актив қайтарылғанын айтты.

"Ескі жүйеде" есесі кеткен халықтың қазынасын толтырудың қамымен соңғы екі жылдың ішінде 2 триллон теңгеге жуық актив қайтты деген ақпарат бар. Сол тиісті органдар қайтарылған қаражат халыққа қажетті әлеуметтік-тұрмыстық нысандар салуға жұмсалуда дейді. Басқасын қайдам, сол екі триллионның тең жартысын екі олигарх қана қайтарған екен. Ал президенттің тілімен айтқанда, "ел қазынасының жартысын иеленіп алған олигархаттан қайтарылуы тиіс активтер қайда? "Жылыстаған активтерді қайтару туралы" заңды қабылдаған Парламент депутаттары бүгінде сол заңның орындалу барысынан бейхабарлығы да түсініксіз жағдай”, – деді Бәпи өз сөзінде.

Ол активтерді қайтару процессіне қатысты мәліметтерді ақпарат агенттіктерінен немесе шетелдік пабликтерден емес, "бірінші ауыздан" естігісі келетінін жеткізді.

Ермұрат Бәпи ескі Қзазақстанның элитасы жасырын түрде билікке таласып, қайта оралуды аңсап жүргенін айтты.

“Ескілердің ерегескен қарсылығы Қаңтардан кейін де дамыл тапты дей алмаймыз. Қазыналық-бюджеттік астаудан қағылған, халықтық мұраға мұртын батыру дағдысына қайтып оралуды аңсаған олардың астыртын айқасы әлі де жалғасып жатыр. Бүгінде олар протестік пиғылдағы қауымдастықты өз қатарына қаратудың жанталасқан қамын жасап жатыр”, – дейді депутат.

Сондай-ақ ол әлеуметтік желіде белсенді азаматтардың “Жаңа Қазақстанды” сынап жатқанын “Ескі қазақстандықтар” өз пайдасына асырып жатқанын айтты.

“Әлеуметтік желілерде жалаулатып жүрген жекелеген қоғамдық пікір серкелерінің "Жаңа Қазақстанға" қарай атқан тасы "ескілердің" есесін күйттейтіне куә болып жүрміз. Жеке дара билікке табыну дерті өн байына сіңіп кеткен мемлекеттік бюрократиялық аппаратты да созылмалы автократиялық дерттен айықтыру оңай болмай тұрғанына осы ортаға келген менің көзім әбден жетті. Бұл дерттің дәрмені аппараттық вертикалды дендеп алғанын депутаттық сауалдары мен қоғамдық мүдде тұрғысындағы азаматтық талаптарына тиісті жауап ала алмай жүрген әріптестерімнің де көзі жетті деп білемін”, – дейді Ермұрат Бәпи.



Наразылықтың қауіпті екенін ескерткен депутат ұсынылған реформаны қолдауға шақырды.

“Бірінші кезекте, реформаның жедел жүруіне мемлекеттік органдардың аппараттары ғана емес, ескі режимнің қыспағында қалып, демократиялық даму формациясы кенделеп қалған қоғамның өзі де дайын болмағаны жасырын емес. Оның бір дәлелі – қоғамның бірбеткей сыншылары жаңа жүйемен конструктивті пікір табысу арқылы өзгерістер жасауға ыждаһатты ықылас білдірудің орынына, өңі ғана емес, мазмұны да өзгерген жаңа Парламентті бітіспес оппонент санайтын үдеріс тудыруға құлшынып жүр. Билік пен қоғам ортақ тіл табыспайынша, "Жаңа Қазақстан" идеясын толыққанды жүзеге асыру мүмкін емес. Елдегі өзгерістерді қоғамның тікелей қатысынсыз билік жеке дара жасай алмайды”, – деді мәжіліс депутаты.

Бұған дейін Ермұрат Бәпи Назарбаева мен "Ескі Қазақстанды" сағынғандарды тексеруге шақырған еді. 

Талқылау