Есірткі беріп, 2 жыл зорлап келген: Алматы облысында бірнеше ер адамнан жәбір көрген 17 жастағы қыздың анасы әділдікті талап етеді
Алматы облысы Қарасай ауданы Береке ауылында бір топ жігіт 11 сынып оқушысын 2 жыл бойы пышақпен қорқытып, есірткі беріп, зорлап келген. Оның анасы әділдікті талап етіп, кінәлілердің жазалануын сұрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Астарлы ақиқат” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Қорлық көрген қыздың анасы Оралия Шүкетаеваның айтуынша, қаскөйлер соңғы рет қызды ұрлап, 3 күн қамап ұстаған. Алқапқа апарып ұрып-соғып, тепті дейді. Қызын таппаған әйел полицияға жүгінген. Олар тауып әкелсе де, қыздың қайдан табылғанын айтпапты.
Қазіргі таңда жігіттердің бірі тергеу изоляторында, ал біреуі үйқамақта.
“Ол үздік, озат оқушы еді. Соңғы 2 жылда 23 жастағы Сәния деген қызбен танысып, мінез-құлқы, өзін ұстауы өзгерді. Түнде шығып жоғалып кетеді. Түнде тығылып жылайды, ештеңені айтпайды, бұғып жүреді. Аружан өзіне қол салып, бөлмесінде жіпке асылмақ болған. Үйде жиі кетіп қалып, полиция тауып әкеледі. Олар маған айыппұл салады”, – деді Оралия Шүкетаева.
Соңғы жағдайдан соң қыз Қаскелеңдегі ауруханада реанимацияда 5 сағат жатады, содан соң қалалық ауруханаға ауыстырылып, сонда 1 айдан бері жатыр екен.
Анасының сөзінше, 23 жастағы құрбысы Аружанды өз құрдастарымен таныстырып, ортаға араластырған. Сол кезде Мирас деген жігітпен танысып, екеуі қыз-жігіт боп көңіл жарастырыпты. Ол кейін Селекция ауылындағы шаруашылықта қызға пышақ тақап, зорлады дейді белсенді Ақмарал Басирова. Қазіргі таңда қамауда жатқан осы Мирас. Аталмыш ересек достары Аружанды тамақ ішуге барамыз деп алдап, алып кеткен дейді. Артынша фазендада оған есірткі иіскетіпті.
Оралия Шүкетаева – 3 баласы бар жалғызбасты әйел. Қонрлық көрген Аружан – оның тұңғышы. Үкілеген тұңғышының осындай күйге түскеніне әйел налиды. Сондай-ақ полицейлер істі бір айдан кейін тіркеген көрінеді.
Аружанның құрбысы да өз білгенін айтты.
“Басында Сәбит деген бала зорлаған, ал Мираспен кездесіп жүрді. Олар осылай топпен жиналып ішетін. Сәния құрбысы оны қысатын, түсіргісі келетін. Бір күні Аружан маған есірткі көрдім деп айтты. Біріншісінде Азатпен жүргенде, екінші рет Сәнияның үйінде, үшінші рет Әсеттермен жүргенде көрген. Ал Аружан әпкелерімен сыйыспай, отбасылық мәселелеріне шағымданатын. Оны жиі бақылауда ұстайды”, – деді ол.
Бұған дейін Алматы облысында бір топ ер адам 11-сынып оқушысын ұрып-соғып, есірткіге отырғызып, зорлады деген күдікке ілінген еді.