"Есікті қағып, пышақпен қорқытады": Алматылық желіде қауіпті көршісіне шағымданды (видео)
Желіде Алматы тұрғынының пәтерінің есігін бірнеше рет қағып, пышақпен қорқытқан көршісіне шағымы тарады. Әйел полицияның бұл іске бейжай қарайтынын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видео кадрларынан
Алматы тұрғыны желіге видео жариялады. Онда пышағы бар ер адам есікті қағып, оны ашуды талап еткен.
"16 желтоқсан күні сағат 23:00 шамасында ол тағы да есікті қағып, пышақпен қорқыта бастады. Есікті ашқанымда кеудемнен ұрды. Оны әрең итеріп жібердім. Біз полицияға бірнеше рет хабарластық, бірақ олардың тарапынан әлі ешқандай шара қабылданған жоқ. Көрші біздің пәтердің есіктерін үнемі қағып, пышақпен қорқытады. Енді өз өмірім үшін қорқамын", – деп жазды әйел.
Алматы полиция департаменті видеода түсірілген оқиға бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын түсіндірді. Көршісі ұсақ бұзақылық үшін жауапқа тартылған.
"Құқық бұзушы ұсақ бұзақылық фактісі бойынша жауапқа тартылды. Ер адаммен қоғамдық құқықтық тәртіпті бұзу фактілерінің алдын алу туралы әңгіме жүргізілді. Шешім қабылдау үшін іс жүргізу материалдары сотқа жіберіледі", – деп хабарлады полиция.