"Ешкім 100% кепілдік бере алмайды": Төтенше жағдайлар министрі Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты пікір білдірді
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Алматыдағы жер сілкінісінен кейін құтқарушылардың жұмысындағы өзгерістер туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шыңғыс Әрінов Алматыдағы сейсмология институтында өткен баспасөз мәслихатын еске ала отырып, алда жойқын жер сілкінісі болжанбағанын айтты.
"Ешкім 100% кепілдік бере алмайды. Алайда 1985 жылы Қытайда жер сілкінеді деп болжанып, соның арқасында көптеген адамдардың өмірін сақтап қалды. Сол кезде айтылғандай жер сілкінді. Қызығы, бір жылдан кейін дәл сол жерде тағы жер дүмпуі болды, оны сол мекемелер болжай алмады да, миллионнан астам адам көз жұмды", – деді шенеунік.
Министр Алматыға төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығын, төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығын және азаматтық қорғаныс комитетінің төрағасын жібергенін, олар аумақтық органдармен және қауіпсіздік блогымен бірлесе отырып, тұрғындарды оқыту шараларын өткізетінін айтты.
"Жағдай қаншалықты күрделі екенін түсінеміз және төтенше жағдайлар министрлігі ретінде тиіст істі жүргізе бастадық. Ол туралы көп хабарламасақ та, таяу арада алматылықтар нәтижені байқайды. Бірінші кезекте меншік иелерінің бірлестігі, тұрғын үй кооперативімен жұмыс істейміз және әрбір тұрғын үй кешенін, әрбір ауланы, әрбір подъезді, қажет болса, санатқа бөлеміз. Онда біз адамдар арасынан сақшыларды таңдаймыз. Бұл бұрын оқудан өткен қызметкерлер, өзіміздің зейнеткерлер, олар қажет кезде қажетті шараларды ұйымдастыра алады", – деді министр.
Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы халықты ақпараттандыру үшін департаменттің ұсыныстары үйлердің чаттарына жіберілетінін айтты.
"Ол жерде әрбір азаматқа, әрбір алматылық тұрғынға белгілі бір жағдайларда не істеу керек екені оңай тілмен түсіндіріледі. Бұл – жүргізіліп жатқан алғашқы жұмыс, ол белсенді түрде жалғаспақ", – деп түйіндеді Әрінов.