Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Ешқандай қорқыныш жоқ": Ауыл шаруашылығы министрі өзін тек бұйрық орындайтын солдатқа теңеді

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтан журналистер оның үкімет отставкаға кеткеннен кейін қызметінен айырылып қалам деген қорқынышының болған-болмағанын сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

7 ақпанда Астанада президент Тоқаевтың қатысуымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Шара алдында журналистер ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтан “Олжас Бектеновтің жетекшілігімен жаңа үкімет жасақталып жатқанда министрлік қызметінен айырылып қаламын ба деп қорықпадыңыз ба?” деп сұрады.

“Ешқандай қорқыныш жоқ. Қандай қорқыныш болса да, біз әрқашан сенімді болып жұмыс істеуіміз керек. Себебі біз солдатпыз, қайда жұмсаса, сонда барамыз”, – деп жауап берген ауыл шаруашылығы министрі.

Сондай-ақ журналистер Сапаровтан “Министрлер кабинетінің жаңа басшысының талаптарын орындауға дайынсыз ба?” деп сұрады.



“Әрине, біз әрқашан премьер-министрді тыңдауымыз керек, біз үкімет мүшелеріміз. Бірге жұмыс жасап, бірге қозғаламыз. Президент белгілі бір тапсырмалар беретін кеңейтілген кеңестен кейін ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жаңа тәсілдер қолға алынатын шығар. Мен тек өз қызметіме жауаптымын”, – деп жауап берді Айдарбек Сапаров.

Еске сала кетейік, 6 ақпанда президент Тоқаевтың жарлығымен Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы министрі қызметіне қайта тағайындалған еді.

Айта кетейік, үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің 2023 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер белгіленеді деп жоспарланған.

Талқылау