Ердоған түркі елдерінің ортақ әліпбиін жасауды ұсынды
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған түркі елдерінің біртұтас әліпбиін жасауды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Режеп Тайып Ердоған Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті барысында түркі елдері барлық мәселелерде, соның ішінде гуманитарлық салада да ынтымақтастықты нығайту қажеттігін айтты. Түркия президентінің айтуынша, түркі елдері арасындағы байланысты нығайту мәселесінде тіл мәселесі маңызды.
"Бірлігіміз үшін ортақ әліпби сияқты тілдің де маңызы зор. Президенттердің қолдауы да өте маңызды. Біздің жоғары білім беру кеңесі ұйымдардың хатшылығына өз ұсыныстарын берді. Бұл жоғары бағаланады деп үміттенеміз", - деді Ердоған саммит барысында.
Түркия президенті жаһандық дағдарыстарға қарсы тұру үшін түркі елдерінің бірге болуы керектігін баса айтты.
Сонымен қатар ол Палестина дағдарысы туралы сөз қозғап, Түркия "адамдардың дініне қарамастан елдердегі бейбітшілікті жақтайтынын" айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада өтіп жатқан Түркі мемлекеттерінің саммитінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайып Ердоғанды және Түркия халқын 100 жылдық мерейтойымен, ал Әзірбайжан президенті мен халқын ел іргесін бекемдеуімен құттықтады.
Ал Әзірбайжан президенті Қарабақ үшін Арменияға қарсы соғыс туралы баяндап, түркі елдеріне қорғаныс қауіпсіздігін күшейту керек екенін айтқан болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Палестинаға 1 миллион доллар гуманитарлық көмек беретінін айтты.