Ер адам су астында 120 күн өмір сүріп, рекорд жаңартты
Германиялық ғарыш инженері Панамадағы су асты капсуласында 120 күн өмір сүріп, рекорд жаңартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Martin Bernetti/AFP/Getty Images
59 жастағы Рудигер Кох 11 метр тереңдікте орналасқан капсуладан 24 қаңтарда шыққан. Барлығы су астында ол 120 күн немесе 4 ай өткізген. Су астынан шыққан соң инженер шампан атып, Гиннестің рекордтар кітабының өкілдерінің қатысуымен атап өткен. Осылайша ол 2023 жылы су астында 100 күн өткізген Джозеф Дитуридің рекордын жаңартты.
Рудигер Кох өмір сүрген капсула су астында жағалаудан шамамен 15 минуттық жерде орналасқан. Ауданы небәрі 30 шаршы метр, ішінде төсек пен жұмыс үстелі, интернет қосылған компьютер мен дәретхана бар.
Капсула құбырлар мен саты арқылы жоғарыда орналасқан екінші ғимаратпен байланысқан. Оның шатырына күн батареясы орнатылған екен. Төрт камера Кохтың іс-қимылын бақылап отырған. Осылайша ұйымдастырушылар оның күнделікті өмірін бейнеге жазып, бірде-бір рет сыртқа шықпағанын дәлелдеген.