Ер адам әйеліне есірткі беріп, кейін зорлап, артынша ондаған бейтаныс еркекті шақырған
Францияда ер адам әйелін жүйелі түрде жыныстық қатынасқа мәжбүрлеп, оны ондаған еркектің зорлауына себепкер болғаны үшін сотталды. Ер адаммен қатар бұл іс бойынша тағы 50 адам айыпталуда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Reuters (Француз полициясы)
71 жастағы Доминик П. әйеліне психотропты дәрілер беріп, артынша зорлық-зомбылық жасаған. Әйелін зорлау үшін интернет арқылы бейтаныс адамдарды үйіне шақырған. Бұл әрекеттер 10 жылдан астам уақытқа созылыпты. Полиция 72 ер адам жасаған зорлаудың 92 эпизодын анықтады. Олардың елуінің аты-жөні анықталып, айып тағылды.
Әйел қазір 72 жаста. Ол өзіне зорлық-зомбылық жасалғаны туралы тек 2020 жылы полициядан білген. Доминик П басқа іс бойынша тергелу барысында әйеліне де зорлық жасағаны анықталған.
Ер адамның компьютерінен әйелінің ес-түссіз жатқан кезінде түсірілген фотосуреттері мен бейнелері табылды. Прокурорлардың айтуынша, суреттерде ерлі-зайыптылардың үйіндегі ондаған түрлі зорлық-зомбылық эпизодтары бейнеленген. Бұл 2011 жылы басталды деген болжам бар.
Тергеушілер сонымен қатар Доминик П. әйелін зорлау үшін бейтаныс адамдармен келіссөз жүргізген чаттарды анықтады.
Бұл іс бойынша айыпталған зорлаушылардың жасы 26 мен 74 жас аралығында. Тергеу мәліметтері бойынша, олар қоғамның әртүрлі топтарына жатады, олардың көпшілігі зорлық-зомбылыққа бір рет, ал кейбіреулері алты ретке дейін қатысқан.
Тергеушілер жәбірленушінің күйеуі мен ол шақырған адамдар арасында ақша аударылғаны туралы ешқандай дәлел таппады.
Ашық сот процесі Авиньонда өтіп жатыр және Францияда үлкен қоғамдық наразылық тудыруда.