Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Еңсеміз көтеріліп қалды": Арман Дүйсеновтің жары композиторды еске алу кешінде көз жасына ерік берді

Арман Дүйсенов пен ұлу Айданқызы
Фото: Instagram.com/arman_duisenov_official

Оралда белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Дүйсеновтің рухына арналған еске алу концерті өтті. Марқұмның шығармаларын өнердегі достары орындап, көпшілікке сағынышқа толы кеш сыйлады. Ал концерт соңында композитордың жары жұбайын еске алып, тебіренісін жасыра алмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Арман” атты еске алу кешіне қазақ эстрадасының танымал өкілдері жиналды.

Олардың қатарында Айгүл Иманбаева, Ақбота Керімбекова, Жұбаныш Жексенұлы, Ажар Назар және KeshYou тобы бар. Өнер иелері сахнада композитордың әндерін шырқап, оның шығармашылық мұрасын тағы бір мәрте жаңғыртты.

Марқұмның жақын достарының бірі, әнші Сәкен Майғазиев те еске алу кешіне арнайы барды. Ол Оралға жолға шығар алдында әлеуметтік желідегі парақшасында Арман Дүйсеновпен бірге түскен суретін жариялап, досына деген сағынышын білдірді.

“Қайран, Арекем. Арман Дүйсенов досымызды еске алу кешіне Оралға ұшып бара жатырмын. Оралдықтар, кездескенше!” – деп жазды әнші.

Сонымен қатар кеш барысында айтыскер ақын Ринат Зайыт та сөз сөйлеп, марқұм досы туралы естеліктерін бөлісті. Ол Арман Дүйсеновпен 2005 жылы танысқанын айтып, композитордың шығармашылық қабілеті мен еңбекқорлығын ерекше атап өтті.

“Сөзді қорламайды, буыныңды кеспейді, шолтаңдатпайды. Сөзді ғана жазып берсең де, соның ешбір жерін бұзбай, керемет әнге айналдырып беретін қабілетті композитор еді”, – деді Ринат Зайыт.

Ақын сондай-ақ Арман Дүйсенов көзі тірі болғанда, оның шығармашылық кеші Астанада үлкен стадионда өтер еді деген ойын жеткізді. Кеш барысында марқұм досына арнаған өлеңін оқып, рухына тағзым етті.

 

Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі концерт соңында болды. Сахнаға Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу Айданқызы шығып, жұбайының өнерін ұмытпай, еске алу кешін ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға алғысын айтты.

Ол бұл концерттің өзіне ғана емес, әкесін сағынып жүрген балаларына да үлкен демеу болғанын жеткізді.

“Біздің отбасы үшін, әкесін сағынатын қызға, әкесін іздейтін ұлға мына кеш жұбаныш болды. Еңсеміз көтеріліп қалды. Алла разы болсын”, – деді композитордың жары.

Жұбайын еске алып, жүрекжарды сөзін айтқан сәтте ол көз жасына ерік берді. 

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 09 Қазан, 2026 17:56