Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Енем ұрып-соқты, күйеуім қылқындырды": Жетім қыз қайын жұртынан қорлық көргенін айтып шағымданды

Жетім өскен Сәуле Шайхиева келіндік өміріне көңілі толмайды. Күйеуі мен енесінен зәбір көрдім деп шағым айтты. Ал жолдасы мен енесі оның сөзін жоқтады. 

Бұл туралы “Астарлы ақиқат” бағдарламасында айтылды.

Сәуле Шайхиева 7 жыл бұрын Ерланмен қол ұстасып шаңырақ көтерген. Енесімен бірге тұрады. Қайын әпкелері бар. Ақ көйлек киюді армандағанымен, үйлену тойы өтпепті. Әжесінің қолында, ата-ананың мейірімін іздеп өскен қыз қайын жұртынан, жолдасынан жылулық іздейді. 

“Күйеуім де, енем де мені ұрып-соқты. Мойнымнан қылқындырған кезі болды. Үлкен қызым айқайлап мені алып қалды. “Ол менің мамам. Қылқындырма” деп жылап жатып мені аман алып қалды. Үйден кетіп қалдым. Сол кезде ішімдегі балам 8 айлық болатын. Енем де жұдырықпен бір қояды. Солай үйден кетіп қалдым. Бір қызым, бір ұлым бар”, – деді Сәуле. 

Ал енесі Рахима Оралова келінінің сөзін жоққа шығарды. Түймедейден түйедей нәрсе табады. Ұрысты өзі шығарады деп ренжіді. 

“Келін өзі кекшіл. Көп ұрысады. Көп сөйлейді. Адамды шаршатып жібереді. Ұлым оған қол жұмсамайды. Артық сөйлемейді де. Өзінің аузы жабылмайды. Мен оған мүлде тиіспеймін”, – деп ақталды. 


Жамбыл облысында бала босанған оқушы өзін ауылдасы зорлады деп айыптады: ДНҚ сараптамасының нәтижесі шықты


 

Ал бағдарлама сарапшылары жетім қыздың табиғаты кекшіл болатынын айтады. Сондықтан әрбір жайтқа ренжігіш келеді. Оған мейіріммен қарау керек. Келін де өзінің міндеттерін білу керек десті. 

“Ене келінге мейіріммен қараса, түсінбеген жерін сабырмен түсіндірсе, жай сөзбен айтса, ол қыз сіздің алдыңызды құрдай жорғалайды. Қазір енелер сабағы жоқ. Келінге үйретпейді. Жетімге өгейлік танытып тұрғандай болады. Мәселе, екі жақтан да бар”, – деді психолог. 

“Мен Сәулені ұнатып алдым. Үйленейік деп шештік. Бірақ той жасай алмаймын деп бірден айттым. Себебі жағдай болмады. Ол өзі көп ұрысады. Ренжи береді. Болмашы нәрсені айта береді. Шындығында ондай емес. Үйден тату кетіп, үйінде жатып алады. Демалып келем дейді де, келмей қояды. Әжесіне барып мені жамандайды. Шағым айтады. Содан ұрыс шығады”, – деп жазды. 

Бағдарлама соңында келін мен ене татуласып, ерлі-зайыпты қол ұстасты. Сәуле ақ көйлек киіп, салонда шашын ретке келтірді. Мамандардың көмегімен құлпырып шыға келді. 

Талқылау