Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"200 берпи жаса": Майами полицейі Айтым Жақыповты әзілмен жазалады

Айтым Жақыпов
Фото: Видеодан скриншот

Қазақстандық спорт блогері Айтым Жақыпов Майамиде күтпеген жағдайға тап болды. Америкалық полицей оны бұрылыс белгісін қоспағаны үшін полиция тоқтатып, айыппұл жазудың орнына әзілдеп, 200 берпи жасауды ұсынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Спортшы Майамиден видеоны әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Оқиға блогердің көлігі бұрылыс белгісін уақытында қоспағаннан кейін басталған. Полиция қызметкері алдымен жүргізуші куәлігі мен құжаттарын тексереді.

Кейін полицей Айтыммен еркін сөйлесіп, әзілдей бастайды. Әңгіме барысында тәртіп сақшысы Айтымды бірден танығанын айтып, хал-жағдайын сұрайды. Кейін әзіл ретінде оған хаттама толтырудың орнына 200 берпи орындауды ұсынады. Бұл сөз көліктегілердің күлкісін тудырған.

“Мен сізді бірден таныдым. Қалайсыз? Қай жақтансыз?” – деп сұрайды полиция қызметкері.

Айтым өз кезегінде полицейдің қай елден екенін сұрайды. Оның Түрікменстаннан екені белгілі болған соң, блогер көрші елге сәлем жолдайды. Ал полицей Қазақстанға сәлем айтып, Айтым жүргізіп жүрген әлеуметтік жобаны жоғары бағалады.

Желі қолданушылары бұл кездесуді “күлімсіреткен сәт”, “ең позитивті жол тексерісі” деп бағалап, полицейдің қарапайымдылығы мен әзілқойлығына тәнті болған.

Айта кетейік, Айтым Жақыпов – воркауттан танымал спортшы әрі блогер. Ол JanaMen жобасы арқылы артық салмақпен күресіп жүрген адамдарға көмектесіп, олардың өмір салтын өзгертуге бағытталған әлеуметтік контент жасап келеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 20 Шілде, 2026 17:42