Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында бала босанған оқушы өзін ауылдасы зорлады деп айыптады: ДНҚ сараптамасының нәтижесі шықты

Жамбыл облысында 15 жастағы қыз ауылдасының өзін зорлап жүкті еткенін айтты. Ал күдіктінің анасы мен інісі айыпталушыны қорғауға кірісті. Олар жала жауып, жазықсыз адамды айыптап отыр деп налыды. Істің ақ-қарасы бағдарлама барысында анықталды. 

Бұл туралы “Астарлы ақиқат” бағдарламасында айтылды. 

Мунира есімді қыз 15 жасында бала туып, ана атанып отыр. Анасына ауылдағы Жалғас есімді жігіттің өзін зорлап жүкті еткенін айтқан. Полицияға арыз жазып, іс тергеуге алынды. Алайда айыпталушы Жалғас та, оның анасы да, інісі Әсет те оның жазықсыз екенін айтып ақталды. Бұл нақақтан жабылған жаза деп ақтады. 

“Менің ұлым екінші топтағы мүгедек. Оның адам зорлайтын жағдайы жоқ. Ол өте момын бала. Бұлар соны пайдаланып отыр. Ұлым “мен ақпын” деп жылады. Тергеушілер әкетіп бара жатқанда “мен ақпын, мені алып қалыңдаршы” деп жылады. Мен оған сенемін. Оның еш кінәсі жоқ”, – деді анасы Айымкүл ана. 

Мунираның айтуынша, өзін Жалғас ешкім жоқ жерде зорлап, жүкті еткен. Ешкімге айтпа деп қорқытқан. Алдымен кітапханада, кейін мектеп жанында зорлаған. 

“Маған мұғалім онлайн сабақ кезде видеоролик түсір деді. Мен кітапханаға барып түсірмек болдым. Орталық кітапханаға барсам, ол жерде Жалғас аға отыр екен. Кітап іздеп жүрмін деді. Мен видеоролик түсірейін деп келдім дедім. Кітапханашы апайдың орындығына барып отыр едім, қасыма келіп менің денемді ұстады. Мен “не істеп жатырсыз?” дедім. Ол киімімді шешіп, мені зорлай бастады. Мен айқайладым. Егер біреуге айтсаң өлтіремін деді. Мен қорқып айтқан жоқпын.

Екінші рет мектеп жанында солай болды. Мен кешкісін мектептің интернетіне кірмек болдым. Інім екеуміз анамыздан сұранып шыққан едік. Інім досыма барып келемін деп кетті. Үйде интернет жоқ. Аулада интернетке кіріп сабағымды қарай бастадым. Сол кезде арқамнан біреу ұстап алды. Жарықты жағып қарап едім, Жалғас екен. Сол жерде мені тағы зорлады”, – деді жас ана. 

Ал Жалғастың інісі Әсет бұл істің ақ-қарасын түсіндіріп көрді. Ол Мунираның шешесі үйреткен сөзді айтып отырғанын, нақтысында бәрі жалған екенін айтты. 

“Мен өзім мектепте мұғаліммін. Бұл қыз олимпиадаға қатысатын, видеоролик түсіретін қыз емес. Сабақты жақсы оқымайды. Ал менің ағам таңертең қой бағуға кетіп, кешке келіп жүрген адам. Оның жуастығын пайдаланып отыр. Барлық ауыл біледі. Бәрі нақты айта алады. Жалғастың ондай арсыздыққа бармайтынын айта алады. Оған жала жапты. Қыз анасының айтқанын айтып отыр. Қыстыгүні әкесі қызы мен шешесін қуып жіберген. Олар қойдағы ауылға барып, әрі-бері жүрді. Әкесі сондай қылықтарын білген соң қуып отыр. Сондағы ойлап тапқандары. Менің ағама жауып қойып отыр”, – деді Әсет. 

Кітапханашы апай кітапханадан Мунираны да, Жалғасты да көрмегенін айтты. 

“Мунираны да, Жалғасты да кітапханадан көрмедім. Екеуі де келген емес. Жалғас жалпы ауылда жүрмейтін бала. Қойға ғана барады. Ешқайда шықпайды. Сол уақытта камера істемей тұрған. Кейін қостық. Камерада ешнәрсе жоқ”, – деді кітапханашы. 

Әсеттің айтуынша, ағасының кінәсін айғақтайтын ешбір факті жоқ. 

“Мектепте камера істеп тұр. Камераның алдына барып ешкім қыз зорламайды. Неге соның бәрін ақтарып қарамайды? Баладан ДНҚ алмаған. Не деген сауатсыздар? Неге нақақтан ағамды алып кетеді. Ештеңе дәлелденбей жатып неге ағамды кінәлап жатыр? Неге қарапайым ДНҚ-дан өткізіп, дәлелдеп бермеді? Жамбыл облысы бұл істі анықтай алмады. Біздің сөзімізді тыңдамады. Дәлелдерімізге қарамады. Олардан амал болмаған соң республикаға шығып отырмыз”, – деп жылады. 

Мектептен кешкі уақытта ең соңғы болып қайтатын еден жуушылар да ешбір зорлық фактісін білмейтін болып шықты. 

“Біз ең соңғы болып қайтамыз. Мектепте айқайлаған, қыз зорлаған Жалғасты көрген жоқпыз. Жалғас қыз зорлайтын бала емес. Ол өзі момын бала. Соның жуастығын пайдаланып отыр”, – деді еден жуушы қызметкерлер. 

Жалғас қазір тергеу абақтысында отырғандықтан одан ДНҚ үлгісін алу мүмкін болмады. Жалғастың інісі Олжас пен жаңа туған сәбиден ДНҚ үлгісі алынды. Нәтижесінде екеуінің де 100 пайыз ешбір туыстық байланысы жоқ екені нақтылады. Егер Жалғас баланың әкесі болса, Олжас пен сәбидің туыстық қатынасы анықталуы тиіс болатын. 

“Аққа құдай жақ. Мен Аллаға сендім. Аллаға шүкір. Құдай жазаларын берсін. Бес уақыт намаз оқимыз деп отырған адамдардың тірлігі жала. Арсыздық. Бір ай біздің қанша жүйкеміз тозды. Бәрін Алла көріп тұр. Хайуандар”, – деп жылады Әсет. 

Жалғастың ісіне қатысты ДНҚ фактісі тергеу материалдарына қосылады. Заңгерлер бұл істе Жалғасқа көмек қолын созуға дайын. 

Талқылау