"Енем ұрды": Маржан Арапбаева бірінші күйеуімен не себепті ажырасып кеткенін айтты
Танымал әнші Маржан Арапбаева “Менің өмірім” бағдарламасында сәтсіз аяқталған бірінші некесі жайлы айтып, ажырасуының себебін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
©instagram.com/arapbayevamarzhan
“Менің ойымша, бұл – өтіп кеткен, қызық емес тақырып. Анам бізге: “Ақшасы бар, жағдайы бар жігітке тиіңдер” деп айтқан емес. Керісінше, білімді, сауатты, ішімдік ішпейтін жігітті қолдайтын. Бұл өмір ғой. Егер адамдар бір-бірімен сәйкес келмесе, олар бір-бірін қинамауы керек. Ол кезде де менің бақытты сәттерім көп болды. Ол кісінің өте көп жақсы қасиеттері бар. Ол менен жеті жас үлкен еді. Мен ол кісіден ортаға шығып, дұрыс сөйлеуді үйрендім, оның жақсы қасиеттерін бойыма сіңіруге тырыстым. Ол жүргізуші, режиссер болды. Көзі ашық, тәжірибесі мол, шетелде оқып келген адам. Ол – менің қызымның әкесі. Өнер жолында мені өте қатты қолдады. Бір емес, үш жеке концертімді жасап берді. Өзі режиссер болды, барлығын өз қолына алды. Тіпті концертімнің афишаларын қақаған аязда өзі бағандарға іліп шыққан кездері болды. Өкінішке орай, айырылысып кеттік. Ол кісіге мен жақсылық тілеймін”.
Өнер иесі күйеуінен қорлық көріп жүрген қыз-келіншектерге ақылын айтып, жол көрсетті.
“Әр әйел бақытты болуға лайық. Жалпы адам бақытын іздеуді тоқтатпауы керек. Сүймейтін адаммен өмір сүру – өзіңнің де, өзгенің де өмірін қорлаумен тең. Бала-шағаға да бақытты өмірдің үлгісін көрсете алмайсың. Әр күн сайын ұрысып-қырлысып жатсаң, балаға қандай тәрбие бересің? “Ұрса да кешірдім, амалым жоқ, енем ұрды” деген әңгімелерді естимін. “Неге ұрды? Мүмкін, өзің бір нәрсе бүлдірген шығарсың? Жасырмай, шыныңды айт” деп сұрағанымда олар ағынан жарылады. Сонда ол әйелдің кінәсіз екеніне көзім жетеді. Кінәсіз адам неге “Елден ұят, ел-жұрт не дейді? Көршілерім, туысқандарым не дейді? Балаларыммен қайда барып сыямын?” деген түсінікпен өмір сүру керек? Ештеңе етпейді, жатақхананы жалдайсың, жұмысқа тұрасың, аяққа тұрасың. Әйтеуір бір қара нан мен су ішсең де, бір күн болса да бақытты өмір сүру керек деп ойлаймын. Әйелдерге айтқым келгені, ешқашан ешкімге есеңізді жібермеңіз. Кез келген адам біреуге хақысын жегізбеу керек. Иә, болады, әйелдер шектен шығады, тілінен қағынады, еркектің намысына тиіеді, еркек бір ұрады. Мен еркекті қорғамаймын, бірақ көп жағдайда әйелдің өзі ушықтырып жібереді”, – дейді Маржан Арапбаева.
Сондай-ақ әнші өзінің жеке өміріне қатысты біраз сұрақтарға жауап берді.
“Ал өзіме келер болса, “маған күн көрсетпеді, мені ұрды, тиран болды” деп айта алмаймын. Тек біздің мінезіміз келіспеді, бір-бірімізге суып кеттік. Қазір Ерболмен бақыттымыз. Мен ол кісінің миын ашытып тастаймын. Соңына дейін мені тыңдайды. Шыдамына таңғаламын. Құдай адамдарды бекерден бекер қоспайды екен. Біреуінің энергетикасы тасып бара жатса, екіншісі байсалды, шыдамды, мінезі жайлы болады. Мен ашулансам, ол өзінің сабырлығымен мен тәубеме келтіріп алады. Сол үшін мен оны жақсы көремін. Негізінде біздің ұлымыз бар. Біреулер “Қанша балаңыз бар? деп сұрағанда мен үш қызым бар деймін. Сонда үлкен қызым: “Мама, сенің ұлың бар ғой” дейді. Біздің үлкен ұлымыз бар, есімі Даниял. Қызым Амирадан бір жас үлкен. Менің жұбайымның бірінші некесінен туған бала. Ол атасы мен апасының қолында тұрады. Анасы дүниеден өтіп кеткен. Ол тақырыпты қозғағым келмейді”, – дейді өнер иесі.