Тоқаевтың сөзінен соң елде киік атуға рұқсат берілмейтін болды
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті "Санын реттеуге жататын жануарлар түрлерін жоюға рұқсат беру" мемлекеттік қызметтерін көрсету қағидаларына түзету енгізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: mnogo-krolikov.ru
Атап айтқанда, "Санын реттеуге жататын жануарлар түрлерін жоюға рұқсат беру" мемлекеттік қызметінен киік алынып тасталды. Құжат 8 мамырға дейін қоғамдық талқылау үшін "Ашық нормативтік құқықтық актілер" сайтына жарияланды.
Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда киіктердің санын реттеу уақытша тоқтатылғанын айтқан еді.
Оның айтуынша, киіктерді ату отандық ғалымдармен, халықаралық сарапшылармен кеңесіп, талқылаудан кейін тоқтатылды. Сонымен қатар қыста далада көшу қиынға соқты.
"Сондықтан 10 ақпаннан бастап біз киіктердің санын реттеу процесін тоқтаттық", – деді министр.
Сондай-ақ 16 сәуір күні Қостанай облысына барып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесуде де Тоқаев енді ақбөкендерді атуға тыйым салынатынын жеткізген еді.