Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еңбек министрлігі зейнетақы аннуитеті арқылы қаражат алу мәселесіне қатысты пікір білдірді

Ақша купюра
Фото: Stan.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтар зейнетақы қорындағы жинағын мерзімінен бұрын алудың жаңа “айласын” тапты деген ақпаратқа пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ең төменгі жеткіліктілік шегі көтерілген соң кей азаматтар зейнетақы аннуитетін бірыңғай жинақтық зейнетақы қорындағы ақшаны пайдаланудың балама тәсілі ретінде қарастыра бастаған.

Еңбек вице-министрі Ербол Тұяқбаев бұл мәселе министрлік пен Ұлттық банк тарапынан жан-жақты қаралғанын айтты. Оның сөзінше, зейнетақы аннуитетін “заңдағы олқылық” немесе “айла” деп атау дұрыс емес.

“Бұл ешқандай айла емес. Зейнетақы аннуитетін жас кезінде бірден рәсімдеу мүмкін емес. Ол үшін белгілі бір еңбек өтілі, жеткілікті зейнетақы жинағы және қомақты қаражат болуы қажет. Бұл бұрыннан қолданылып келе жатқан заңды тетік. Ол жеткілікті көлемде жинағы бар азаматтарға ғана қолжетімді”, – деді вице-министр.

Журналистер вице-министрден бұл тетік арқылы қаражат шешіп алуды шектеу үшін қосымша талаптар енгізіле ме деп сұрады. 

Бұған Ербол Тұяқбаев: “Жоқ, мұндай жоспар жоқ”, – деп қысқа жауап берді.

Вице-министрдің айтуынша, жүргізілген талдау нәтижесінде бірыңғай жинақтық зейнетақы қорынан мерзімінен бұрын 5,8 триллион теңге алынғаны анықталған. Бұл қаражаттың басым бөлігін 35 жасқа дейінгі азаматтар пайдаланған.

Министрлік мұндай үрдіс жастардың болашақтағы зейнетақы жинағына қауіп төндіреді деп есептейді. Себебі қаражат қазір ипотекалық немесе басқа да қажеттіліктерге жұмсалып, зейнет жасына жеткенде жинақ жеткіліксіз болуы мүмкін.

“Біздің мақсатымыз – жастардың еңбекке қабілетті кезінде табыс тауып, зейнетақы жинағын болашаққа сақтауы. Ол қаражатты қазір емес, зейнетке шыққанда пайдаланғаны дұрыс”, – деді Ербол Тұяқбаев.

Ол зейнетақы аннуитеті бұрынғыдай тек жеткілікті көлемде зейнетақы жинағы бар салымшылар үшін қолжетімді болатынын айтты. 

Айта кетейік, бұған дейін БЖЗҚ 2026 жылға арналған жеткіліктілік шегін жариялағаны туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 25 Маусым, 2026 12:01