Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Голливудтық актер секілді”: Желіде көшеде арба сүйреп жүріп, модельге айналған тараздық қарияның видеосы жұртты тәнті етті

Тараз қаласындағы 72 жастағы модель Берік атаның желідегі видеосы қазақстандықтарды сүйсіндіріп, тәнті етті. Көшеде арба сүйреген қария кездейсоқ фотографты көріп, өзін суретке түсіруді өтінген. Кейін оның ерекше мейірімді бейнесі күллі жұртты баурап алды. Тіпті Берік ата қазір модельге айналған. Қарияны желіде танытқан тараздық фотограф Асылбек Амандосов Stan.kz тілшісіне оның өмірі мен кездейсоқ таныстығы туралы айтып берді. 

Фото Асылбек Амандосов

Желіде тараған видеода арбасын сүйреген қарияның күлімдей қуана суретке түсіп тұрғаны көрсетілген. Бейнероликтің авторы Асылбек Амандосовтың айтуынша, кезекті түсірілімі кезінде арбасын сүйретіп өтіп бара жатқан қария жақындап, өзін суретке түсіруін сұраған. 

“Берік атамен таныстығымыз кездейсоқ болды. Мамыр айында Таразда бір қызды суретке түсіріп жүрдім. Сол кезде көшеде егде тартқан қарияның бейнесі назарымды ерешке аударды. Ол маған қарап күлімсіреп, өзін де суретке түсіріп беруімді өтінді. Әрине, қуана келістім. Тіпті қолыма телефонымды алып видеоға да түсіре беріппін”, – деді фотограф. 

@rrabbitson #фотограф #уличныйфотограф #рекомендации ♬ Idea 10 - Gibran Alcocer

Бірнеше күннен соң бұл ролик Instagram мен TikTok желісінде таралып, жұрт қарияның келбетіне сүйсініп, жылы пікірлер білдіре бастаған. 

“Осы кездейсоқ кездесуден соң бейтаныс қарияның бейнесі есімнен кетпей қойды. Байланыс номерін де алмаппын. Оған өз фотоларын жіберіп, желіде жұртқа қаншалықты ұнап жатқанын көрсеткім келді. Бірнеше күннен соң қалада самокат теуіп жүргенімде алыстан арбасын сүйреген адамды көзім шалды. Бірден танып, артынан жүгірдім. Барып амандасып, “мені ұмытқан жоқсыз ба? деп сұрадым. Ол жылы күлкісімен ұмытпағанын айтты. Осылай біздің алғашқы таныстығымыз басталды”, – деп қосты жігіт.

Фото Асылбек Амандосов

Асылбек Берік атаны түсірген кезде оны желіге салып, танымал боламын деп мүлдем ойламаған. Айтуынша бәрі кездейсоқ болды. 

“Көше фотографы ретінде осындай ерекше адамдарды суретке түсіруді бұрыннан қалаушы едім. Берік атаның түр келбеті құдды ертегідегі мейірімді кейіпкер секілді. Ішкі жан дүниесі де, сыртқы келбеті де өте әдемі жан. Қызық оқиғалары көп. Әр кездескен сайын жігер аламын. Өте ақ пейілді адам. Берік ата 72 жасқа толады. Өмір бойы еңбек етіп келген. Талпынып, табысты адал тапсаң, тыныш ұйықтайсың деп айтады. Мен де осы ұстанымдармен өмір сүремін”, – деп қосты ол.

Желідегі бейнеролик 600 мыңнан аса қаралым жинаған. Бұл бейнероликтен соң көпшілік қарияның ерекше харизмасын байқап, тіпті, оның киноға түсетіндей таланты бар екенін жеткізді. 

Осыдан соң Асылбек қарияның сырт келбетін өзгертіп, шаштаразға апарып, арнайы образдағы киімдермен гүл сататын дүкеннің жарнамасына модель ретінде түсірген.

“Берік ата жаңа смартфондарды қолдана алмайды, ескі батырмалы телефон ұстайды. Сондықтан өзінің танымалдығына таңғалып жатыр. Айтуынша үйіне келсе, оның алыстағы туысқандары “сені көрдік, танылып кетіпсің” деп хабарласып жатыр екен. Тіпті күнделікті көшеге шыққанда кей адамдар қасына келіп, денсаулық, ұзақ өмір тілейді екен. Әрине бұл назар Берік атаның өзіне де ұнайды”, – деді Асылбек. 

Фотографтың айтуынша, Берік ата өте шығармашыл адам. Ән де айта алады, би де билейді. 

“Жасына қарамастан әлі күнге дейін өте қауырт, еңбекқор. Түсірілім кезінде үнемі әзілдеп өзінің мейірімді көздерімен айналасына нұр шашып тұрады. Шынымды айтсам, егде жастағы жандар жастардың жасап жатқандарына қызыға бермейді ғой. Ал Берік ата керісінше, бәріне келіседі, ашық көзқараста. Біз өзге әріптестерімізбен оны қолдаймыз деп шештік. Себебі көпшілік қарияның түр келбеті мен харизмасына қарап, киноға түсіру керек деген пікірлер айтып жатты. Міне сондықтан біз онымен модель ретінде жұмыс істедік. Ең бастысы ол да келісіп, өзіне ұнайтынын жеткізді. Атаның жетістігі тек желі ішінде емес, сонымен қатар кинодағы түрлі рөлдермен де толықса екен деймін. Себебі бұл кісінің ашылмаған қырлары өте көп. Бұл оқиғаның бұдан да керемет жалғасын табатынына сенемін”, – деді Асылбек. 

@rrabbitson Результат первой в жизни сьемки Берик ата #фотограф #уличныйфотограф #рекомендации ♬ оригинальный звук - Asylbek Imandosov

Асылбек алдағы уақытта Берік атамен деректі фильм түсіріп, қазақстандық модельдік агенттіктерге оның фотоларын жіберуді жоспарлағанын жеткізді.

Ал желі қолданушылары Берік атаның кейін шыққан видеоларына түрлі пікір жазып, жарысып жатыр. 

“Ең әдемі модель – Берік ата”, “Балаша қуанып тұр”, “Көздері қандай мейірімді”, “Көзінде мұң болса да, жүзі жылы қария”, “Ол да біреудің жадында сақталғысы келеді”, “Жүзінде кіршіксіз шынайылық”, “Голливудтық актер секілді”, “Ата модель болуға жаралған”, – десті жұрт. 

Талқылау