Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

82 жастағы Нұрғали Нүсіпжанов әке атана ала ма? Отандық маман жауап берді

Жуырда Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов өзінен 42 жас кіші Жадыра Сейдешпен шаңырақ көтеріп, үйлену тойын дүркіретіп өткізген еді. Той барысында қалыңдық әншіге сәби сүю бақытын тағы да сыйлауға уәде еткендей болды. Қуанышқа жиылған қауым алдында ол "Кішкентай Нұрғалиұлы дүниеге келіп жатса, несі айып?!" деген сөзін айтты. Көпшіліктің бұл уәдеге күмәнмен қарағаны жасырын емес. Stan.kz тілшісі отандық маман, уролог-андролог Ерік Қартанбаевқа хабарласып, жасы сексеннен асқан әншінің әке атануға қаншалықты қауһарлы екенін сұраған еді. 

Нұрғали Нүсіпжанов

Ер адам жасы ұлғайғанда жыныстық қатынасқа түсе алмайды деген стереотип тек қазақтардың ғана емес, көптеген адамдардың санасына сіңіп кеткен. Жасы жүздің жартысына жеткенде ел ағасы саналатын азаматтың эрекциясы бұзылады, жыныстық қатынасқа түсе алмайды деп есептелінеді. Маманның айтуынша, ер адам өз денсаулығын жақсы күтсе, 50- ден кейін де, 70-80 жаста болса да жыныстық қатынасқа түсіп, балалы бола алады. Эрекцияның бұзылуы жас ерекшелігіне байланысты емес.

“Елуден кейін ешнәрсе шықпайды деген өтірік әңгіме. Өмірінде инфаркт, инсульт алмаған, жүрегі ауырмаған ер адам жыныстық қатынаспен өмірінің соңына дейін айналыса алады. Денсаулықты күтсе, қиындық туындамайды. Егер 50-ден асқан ер кісі өзін әлсіз сезінсе, дәрігерге қаралуы керек. Дәрігердің көмегімен емделгеннен кейін әрі қарай да жыныстық қатынаспен айналыса береді. Бірақ көбінесе ер азаматтар маманның көмегіне жүгінбейді, жыныстық қатынасты тастап кетеді", - дейді маман. 

Жыныс мүшесінің істен шығуы — эректильді дисфункция деп аталады. Ерік Қартанбаевтың айтуы бойынша, оның пайда болуына итермелейтін проблемалар жетерлік. 

“Органикалық, яғни туа біткен проблемалар және психогенді проблемалар, қант диабеті — жыныстық мүше қызметінің тоқтауына алып келеді. Психогенді проблемаларға үйдегі келіншегімен ұрысып қалуы, ерлі-зайыптылар қарым-қатынасында берекенің болмауы жатады. Басындағы уайым-қайғының көптігі, жұмыстағы күйзелісі де эректильді дисфункцияға алып келеді. Простатит себептердің бірі", - дейді уролог. 

Дәрігердің айтуы бойынша, туа біткен проблемаларға байланысты толығымен жұмыс істемей қалған жыныс мүшесін протез қою арқылы, мүшеге имплант орнату арқылы іске қосуға болады. "Қант диабетінің кесірінен жыныс мүшесі істен шыққан жағдайда да дәрігер протез қойып береді”, - дейді Қартанбаев. 

Қазір кез-келген дәріханадан, жыныстық қатынасқа түсуге көмектесетін дәрілерді табуға болады. Солардың көмегімен өздігімен емделетін қазақстандықтар бар. Алайда, маман мұны құптамайды. 

“Дәрігердің кеңесімен ем қабылдаған дұрыс. Біз барлық жағдайын сұраймыз. Инсульт болған ба? Қан қысымы бар ма, жоқ па? Қандай дәрі ішіп жүр? — осыларды анықтаймыз. Өздігімен дәрі ішіп алса, соңы жақсылықпен аяқталмайды. Жүрегі шыдамай қалуы мүмкін”, - дейді ол.

Бұрынғы заманда ата-бабаларымыздың дәрігердің көмегіне жүгінбей-ақ, емделіп, қартайған шағында әке атанғанын білеміз. Қартанбаев осы кіслердің ғұмырының соңына дейін еркектік қауһарын сақтап қалуының себебін мықты денсаулықпен, дұрыс тамақтанумен байланыстырды. 

“Баяғыда ата-бабаларымыз өте белсенді болған. Үнемі қозғалыс үстінде жүрген, артық тамақ ішпеген. Буға піскен етті жеген. Артық салмақтан, қан қысымынан қиналмағн. Ал біз қазір қуырылған тамақты, фастфудты, көңіліміз қалаған тағамды жейміз. Қазір жастардың өзі жыныстық қатынасқа түспейді”, -  дейді уролог. 

Қорытындылай келе, дәрігердің сөзіне сүйенсек, әншінің әлі де әке бақытын сезінуге мүмкіндігі бар деп айтуға әбден болады. 

 

 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Талқылау