Елордалықтар Жеңіс күніне орай әскери ботқаның дәмін татты
Жеңіс күніне орай Астанадағы Үркер тұрғын алқабында мерекелік концерт өтті. Салтанатты шараға Ұлттық ұлан сарбаздары мен әскери оркестр қатысты. Мерекелік бағдарламадан соң жергілікті тұрғындар көше бойында құрылған палаткаға кіріп, сарбаз ботқасынан дәм татты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үркер тұрғын алқабында Жеңіс мерекесін кең көлемде атап өту дәстүрге айналған. Шарапатты шара биыл да жалғасын тапты. Концерттік бағдарлама әскери оркестрдің сүйемелдеуімен орындалған әнұраннан басталды. Ал Ұлттық ұлан сарбаздары мен халық ансамбльі патриоттық әндерін шырқады.
"Нұра ауданы әкімдігімен бірлесе ұйымдастырып отырған шараға біздің әскери бөлімнің бір ротасы түгелдей қатысты. Көшеге 2 шатыр тігіп, жауынгерлеріміз таң атқалы сарбаз ботқасын дайындап жатыр. Мұндағы мақсат сұрапыл соғыс кезінде әскерлердің асы қандай болғанын көрсету. Әрі жастарға патриоттық тәрбие беру", – деді №5573 әскери бөлім командирінің орынбасары Тимур Рахимов.
"Менің әкем тыл ардагері болды. Ал екі інісі майданда болды. Бағымызға орай бәрі соғыстан аман оралды. Әкемнің тәрбиесін көріп өскеннен кейін мен үшін бұл күннің маңыздылығы аса жоғары. Сондықтан жылда өтететін осы шараны жібермей қатысуға тырысамын. Өскелең ұрпаққа жеңістің қалай, қанадй еңбек пен ерліктің арқасында келгенін айтуымыз керек деп санаймын", – Астана қаласының тұрғыны Амангелді Қожанов.
Сарбаз тағамы армияда қолданылатын КП-130 арнайы техникасында дайындалды. Ботқа 130 адамға шақталған. Бұдан бөлек сорпа, ыстық шәй және компот ұсынылған. Дәм татуға келген көптің қарасы қалың. Дені балалар.
"Жеңіс күнін кең көлемде атап өту біз үшін жылдағы дәстүрге айналды. Бүгінгі шараға жергілікті тұрғындар мен Ардагерлер кеңесінің мүшелері шақыртылды. Одан өзге бүгінгі буынға үлгі болатын отставкадағы әскери қызметкерлер де қонақтар тізімінде", – деп атап өтті Астана қаласы Нұра ауданы әкімінің бас инспекторы Жарқын Айтжанов.