Елордада қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған концерт өтті
Әншінің оралымына қарай ажарлана түсетін ән де түрленеді, түлейді. Көңілге ерекше сезім сыйлап, сұлу дүниеге ынтық етеді. Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығына орайластырылып, "Айналайын халқымнан еркелеткен" ән кеші өтті.

Халық шалқар әнге сусап қалған екен, концертке көп жиналды. Концерт басталар алдында көрермендер орындарынан тұрып, "ән перизаты" атанған Роза Тәжібайқызын қошеметпен еске алды.

Сахнада Роза апамыздың орындауындағы әндерден үзінділер беріліп, кеш жүргізушілері әнші жайлы деректермен бөлісіп отырды. Соның бірі – Роза Бағланованың шын есімі "Үрбибі" екендігі. Артынан ерген немересіне осы атты қойған екен, концертте Үрбибі Бағланова әжесіне арнап ән салды.

Бұған қоса Халық әртісінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған концертте Алтынбек Қоразбаев, Сұлушаш Нұрмағамбетова, Бағдат Сәмединова, Жұбаныш Жексенұлы, Айгүл Қосанова, Айгүл Иманбаева, Мәдина Сәдуақасова, Тамара Асар сынды эстраданың жұлдыздары ән шырқады.


Сондай-ақ кешке келген әншілер Роза Бағланова жайлы әдемі естеліктерімен бөлісті.
"Ол – ырыс-берекеміздің байрағы болған тайқазанды Ленинград эрмитажынан Түркістанға қайтаруға себепкер болған Роза. Ол – қазақтың сұлулығын сән-салтанатымен көрсете білген Роза. Еліміздің амандығы Роза апамыздың асыл арманы болатын", – дейді Айгүл Иманбаева.

"Роллтонның" орнына бешбармақ: Атырау тұрғыны ұлттық тағамды 5 минутта дайындау жолын тапты